Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері қанша сыйақы алады?

Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері өзгерген жоқ деп хабарлайды 24kz.

Әдеттегідей бірінші орынға 250 мың доллар, күміске 150 мың, қолаға 75 мың доллар беріледі. Төртінші және алтыншы орын алғандарға 5 мың мен 30 мың доллар аралығында төленеді. Сондай-ақ чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындаған бірінші, жеке және бас бапкерлерге қосымша ақшалай ынталандыру қарастырылған. Егер спортшы әлемдік рекорд орнатқан жағдайда тағы 5 мың доллар, жаттықтырушысы 3 мың доллар алады.

Елсияр Қанағатов, Олимпиада және Параолимпиада дайындық штабының басшысы:

- Сыйақы ол мемлекет тарапынан. Одан басқа, әрбір федерация бар, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар бар. Егер жеңіп жатса, біз марапаттау жағынан кем қылмаймыз. Әрқашан да жақсы марапат болады.

 

Командалық көкпардан Азия лигасы өтті

Елде командалық көкпардан тұңғыш рет Азия лигасы өтті. Сайысқа 4 құрама қатысып, өзара мықтыны анықтады. Олардың арасында спортшылардан бөлек медиа саласының өкілдері де бар. Басты мақсат – ұлттық ойынды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау. Сайыс нәтижесінде «Спарта Астана» командасы топ жарды. Ал «Астана жастар құрамасы» екінші орынға жайғасса, үздік үштіктен «Бестөбе» ұжымы көрінді.

Сәкен Елеуов, қатысушы:

- Көкпарда тек күш емес, ептілік керек. Сол үшін жаңа көрдіңіздер, басында қатты қызуға салынып, өз-өзімізге келе алмай, екі салымды қисық тастап жіберді. Күш те керек, ептілік те керек. Өзіңнің астыңдағы атпен бір-біріңді түсіну де керек.

Көкпар – жүректілер мен білектілердің ойыны. Рухыңды оятып, делебеңді қоздырады. Бүгінде осы спортқа қызығатындар қатары күн санап артып келеді. Бұл жарыс соған дәлел. Ұйымдастырушылар келген көрерменнің көңілін аулап, асық ату мен ләңгі тебуден сайыстар өткізді. Сондай-ақ көпшілік күзде өтетін V Халықаралық көшпенділер ойынын тағатсыздана күтіп жүр.

Әлішер Ислам, «Азия көкпар лигасының» бас ұйымдастырушысы:

- Бұл лига өздеріңіз білетіндей, бүкіләлемдік V көшпенділер ойыны қарсаңында үлкен халыққа той жасағымыз келген. Болашақта қыркүйек айында халықаралық деңгейде Қырғызстан, Өзбекстаннан бір-бір командадан келеді деген үміттеміз.

 

С.Черчесов қазақ тілін үйреніп жүр

«Күнделікті өмірге қажетті бірнеше сөзді үйрендім». Қазақстан Футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов осылай дейді. Брифингтен кейін басы дауға қалған жаттықтырушы қазір қазақ тілін үйрену үшін арнайы курсқа барып жүр. Ол Ресей арналарының біріне берген сұхбатында Қазақстанның алып ел екенін және қазақша біртіндеп үйреніп келе жатқанын әрі қарай да үйрену үшін бар күшін салатынын айтқан. 

 

«Ордабасы» ұтылып қалды

Футболдан шымкенттік «Ордабасы» «Дифферданж» клубынан ұтылып, жанкүйерлердің ашуын туғызды. Конференция лигасы аясында өткен 2-ші іріктеу кезеңінде олар сырт алаңда люксембургтік ұжымға қарсы ойнап, жеңіліп қалды. Есеп – 1:0. Гол авторы – Жоржиньо. Қарымта ойын 1 тамыз Шымкентте өтеді.

Айта кетейік, Ордабасы осыған дейін Молдованың «Петрокубына» есе жіберіп, чемпиондар лигасынан ұшып кеткен еді.