Олимпиада-2024: бүгін жерлестеріміз 8 спорт түрінен сынға түседі

Бүгін Париж Олимпиадасында жерлестеріміз 8 спорт түрінен бақ сынайды, деп хабарлайды 24kz.

Бірінші болып бозкілемге дзюдошылар Әбиба Абужақынова мен Елдос Сметов шығады. Алғашқы белдесулер Астана уақытымен сағат 13:00-де, ал финал 19:00-де басталады. Сонымен қатар нысана көздеуден жүлделер сарапқа салынады. Қазақстан атынан пневматикалық мылтық атуда, аралас жұптық сында екі топ өнер көрсетеді.

Сонымен қатар тапаншамен Никита Чирюкин мен Ирина Юнусметова іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Келесі кезекте академиялық ескек есу спорты. Бұл бағдарламада ел намысын Владислав Яковлев қорғайды. Спорттық гимнастикадан көпсайыста Милад Карими, ат снарядында Нариман Құрбанов сынға түседі. Велоспорттың жекелей сынында Евгений Федоров жарыс жолына шығады. Үлкен теннисте Александр Бублик пен Юлия Путинцева, ал үстел теннисінде Кирилл Герасименко өнер көрсетеді. Бірінші жарыс күнін боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы түйіндейді. 63,5 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін былғары қолғап шеберінің қарсыласы испаниялық Ойер Ибаречче. Жекпе-жекті Астана уақытымен түнгі сағат бірде «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.