Олимпиада-2024: Бесінші жарыс күні қалай өтіп жатыр? LIVE

Париж Олимпиадасының бесінші жарыс күні аяқталуға жақын. Бүгін спортшыларымыз 6 спорт түрінен бақ сынайды, деп хабарлайды 24kz.

Стенд ату, нысана көздеу, триатлон мен ерлер арасындағы бокс бойынша сайыстар аяқталды. Бұл жайлы толығырақ әріптесіміз Ердана Ержанұлы баяндайды. Қазір ол Парижден тікелей байланысқа шығып тұр.

Диктор:

- Ердана, қайырлы күн, бүгін спортшыларымыздың аяқ алысы қалай болды?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Қайырлы кеш студия, өздеріңіз тыңдап тұрғандай мынадай гуіл кез келген аренаның қалыпты дауысына айналғандай.

Жанкүйерлердің даусымен ерекше күйге бөленіп тұрған Оңтүстік Париж аренасынан сөйлеп тұрмын. Бұл жерде жаңа ғана отандасымыз Кирилл Герасименко өнер көрсетті. Отандасымыз мысырлық спортшы Омар Ассарға қарсы ойнап, 6 ойынның қорытындысы бойынша 2:4 есебімен жеңіліс тапты. Басы сәтті басталған еді, алайда аяғы ондай жақсы болмады.

Бүгін Париж Олимпиадасында триатлоннан әйелдер арасындағы бәсеке өтуде. Бұл сынға қазақстандық спортшы Екатерина Шабалина да қатысқан болатын. Өкінішке қарай, ол жарысты толық аяқтай алған жоқ. Жүзуден 55-орын алған жарысты жалғастырудан бас тартты. Себебін бапкері Иван Тутукин хабарлады.

Нысана көздеуден Қазақстан командасының мүшелері Ислам Сәтпаев пен Константин Малиновский іріктеуден өткен жоқ. Спортшылр кіші калибрлі винтовкамен үш позицияда нысана көздеуден (50 метр) іріктеуге қатысқан болатын. Сәтпаев 588 ұпаймен 18-орын алса, Малиновский 586 ұпаймен жарысты 25-орында аяқтады. Финалға іріктеу қорытындысы бойынша алғашқы сегіз спортшы жолдама алды.

Париж Олимпиадасында бокстан 57 келіде қазақстандық Махмұд Сабырхан бірінші айналымда испаниялық Хосе Бротонс Квилестен жеңілді – 1:4. Төрешілер үш раундты да испан боксшысына берді – 1:4, 0:5, 2:3. 

Бұл жекпе-жекте төрешілер Чехия, Польша, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Мароккодан болды.