Түркиядан Көшпенділер ойындарына 120-ға жуық спортшы қатысады

Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына туыстас Түркия Республикасы да қатысады, деп хабарлайды 24KZ.

Бір айдан соң басталатын халықаралық додаға бүгінде қызу дайындық жүріп жатыр.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Түркияда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кеңнен таныстырылып жатыр. Анкарадағы түркі дүниесі фестивалінде ауқымды іс-шара насихатталып, туристерге мағлұмат берілді. «Жалпы Астанадағы додаға Түркия командасы сақадай сай», – деді құрама жетекшілері.

Нихат Ышык, жергілікті тұрғын:

- Мүмкіндік болса, қатысқым келеді. Бұл – біздің дәстүрлі іс-шарамыз. Ұлттық ойынымыз. Әсіресе жастарымыз үшін аталар мұрасын насихаттау өзекті.

Астана қаласында ұлттық және этникалық спорт түрлерінен өтетін  Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Ал Түркиядан 120-ға жуық спортшы қатысады. Олар 9 сайыс түрінен бақ сынайды. Ерікті ретінде қатысуға өтініш білдіргендер де бар.

Элиф Ақтеңіз, жергілікті тұрғын:

- Халықаралық додаға қатысу ниетім бар. Ерікті ретінде өтініш білдірдім. Мүмкін болып қалар.

Қыркүйек айында басталатын көшпенділер ойындарына Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуела, Ирландия, Доминикан, Гамбия, Бруни, Эфиопия, Перу елінің спортшылары алғаш рет қатысқалы отыр.

Авторы: Меруерт Қанағат.