Қазақстандықтар Париж Олимпиадасының еріктілері қатарында жүр

Париж Олимпиадасының жоғары деңгейде өтуіне еріктілердің қосып жатқан үлесі зор.

Дүбірлі додада әлемнің 150 елінен келген 30 мың адам ерікті ретінде еңбек етіп жүр. Ал тамыз-қыркүйек айларында өтетін Паралимпиада ойындарында 15 мың адам тегін көмек көрсетпек. Олардың арасында отандастарымыз да бар.

Парижде қазір ми қайнатар ыстық тұрғанына қарамастан ерікті болып жұмыс істеп жүрген Шолпан Губаева өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып жатыр. Төртжылдықтың басты бәсекесінде отандасымыз Роллан Гаррос теннис алаңдарындағы шетелдік журналистердің қызметіне көмектеседі. Париждегі халықаралық компанияда жұмыс істейтін Шолпан ерікті болып, бала күнгі арманына қол жеткізген.

Шолпан Губаева, Олимпиада ойындарының еріктісі:

- Бала кезімде Олимпиадаға ерікті болып баруды армандайтынмын. Уақыт өте келе оны ұмыта бастаған едім. Бірақ Париждегі әлемдік бәсекеде сол арманға қол жеткізу мүмкіндігі қайта туды. Осындай ғаламдық шараның бір бөлшегі болғанымды ойласам, бойымды шабыт пен қуаныш кернейді.

Парижге ерікті болып орналасу күрделі бәсекені еңсерумен тең. Бір орынға жеті үміткер таласқан. Басымдық көбірек тіл білетіндерге берілген. Іріктеуден өткендер түрлі позицияларда жанкүйерлерге, БАҚ өкілдеріне және спортшыларға қолғабыс болады.

Тура сондай тағы бір жерлесіміз Солтүсік Париж аренасында қызмет етіп жүр. Бұл жерде бокстан жарыс өтеді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлеріне Олимпиадада жанкүйер болуды армандаған Ерік Балабатыр дәл осы шаршы алаңның маңайына ерікті болып бекітілем деп күтпеген екен. Мұнай саласының инженері ұйымдастырушылардың рұқсатымен Қазақстан деген жазуы бар бас киім киіп, отандастары рингке шыққанда уақытша үзіліс ала алады.

Ерік Балабатыр, Олимпиада ойындарының еріктісі:

- Қазақстан деген жазуды көріп, бізді танып, амандасып жатқандар көп. Боксты көруге келгендер: «Головкинге сәлем айтыңыз», – деп жылы лебіздерін білдіріп жатады. Қазақстандық боксшылардың әлеуетінен де хабардар көрермен көп. Мұны өз көзіңмен көру ерекше бақытқа бөлейді.

Олимпиадада ерікті болу біраз адамдар үшін 4 жылда бір келетін дәстүрлі қызметке айналған. Тіпті кейбіреулер еңбек демалысын алып, арнайы келіп жұмыс істейтін болған. Басты мақсат – төрткүл дүние көз тіккен шараға көмектесу, халықаралық атмосфераны сезіну, өз елінің спортшыларына барынша жақыннан жанкүйер болу.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан.