Олимпиада күнделігі: Қазақстан 16-шы орында тұр

Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы әзірге жалпы есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 16-шы орында тұр.

Спортшыларымыз да сағат сайын жарыс жолына шығып жатыр. Алайда нәтиже көңіл көншітпей тұр.

В. Хальзова жарысты аяқтады

Бокстан Валентина Хальзова алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды. 75 келіде өнер көрсететін отандасымыз Панама спортшысына есе жіберіп, ширек финалдан сырт қалды. Ол алғашқы раундты 3:2 есебімен өз пайдасына шешкен еді. Алайда қалған 2 раундта қарсыласына ұтылып, жарысты ерте аяқтады.    

Валентина Хальзова, бокстан ұлттық құрама мүшесі:

- 3 раундта да басым болған сияқтымын. Тіпті сенімдімін. Бірақ жеңісті қарсыласыма берді. Өте өкінішті. 4 жылғы дайындығымыз текке кеткендей көрінеді. Бірақ еңсені түсірмей, елге оралғаннан кейін қателіктерді ескеріп, тыңғылықты дайындалып, келесі Олимпиада да есені қайтаруға тырысамын.

 

Милад Карими 24-ші орын алды

Милад Карими спорттық гимнастикадан ақтық сында жеңіліп қалды. Көпсайыста бақ сынаған отандасымыз жалпы 76-дан астам ұпай жинап, 24-ші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, ол Токио Олимпиадасында сайыстың дәл осы түрінен 14-ші орынға табан тіреген еді. Милад Карими үшін жарыс әлі аяқталған жоқ. Енді жерлесіміз еркін жаттығуда өнер көрсетеді.  

Милад Карими, спорттық гимнастикадан ұлттық құрама мүшесі:

- Жарысты жақсы бастағам. Орта жолда қателікке жол беріп, төмен ұпай алып қалдым. Көпсайыс бәсекесінде мұндай жағдай кәдімгідей кері әсер етеді. Яғни жалпы есепте төменгі сатыларға сырғыдым. Ең бастысы, ешқандай жарақатым жоқ. Енді 3 тамызда өтетін еркін жаттығу бойынша жекелей сынға дайындаламын.

 

Ұлттық құрамадағы 21 спортшы – Қарулы Күштер өкілі

Париж Олимпиадасына қатысып жатқан 78 атлеттің 21-і – армия спортшысы. Яғни Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық спорт клубының өкілдері. Олар қазірдің өзінде Франция төрінде атой салып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп жатыр. Арасында аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев, қатардағы жауынгер Ислам Сәтбаев секілді Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері бар. Мамандар жазғы ойындарда енді Сәкен Бибосыновтан бастап, өзге де спортшылардың жолына үмітпен қарап отыр.    

Арман Әбеуов, ҚР ҚМ Спорт комитетінің төрағасы:

- Армия орталық спорт клубы – бұл мықты жүйе. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Нұрсұлтан Тұрсынов, Айдос Сұлтанғали, Елена Потапенко тағы да 17 спортшыдан үміт күтіп отырмыз. Бүкіл спортшыларымызға, қазақ елінің мықты атлеттеріне сәттілік тілейміз.    

 

Бүгін жарыс жолына шығатын спортшылар

Дәл қазір нысана көздеуден Александра Ле ме Арина Алтухова іріктеу кезеңіне қатысып жатыр. Кешкісін Астана уақытымен 18:30-да бокстан әйелдер құрамасының мүшесі Назым Қызайбай сынға түседі. Ол ширек финал жолдамасын бразилиялық спортшымен сарапқа салады және 9-дар шамасында бокстан 92 келіде Айбек Оралбай шаршы алаңға көтеріледі. Оның ширек финалдағы қарсыласы – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әзербайжандық Лорен Альфонса. Сондай-ақ түнгі 00:30 шамасында Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жекпе-жекке шығады. Ол әлем чемпионатының қола жүлдегері грузиндік Лаша Гурулиге қарсы кездесу өткізеді.

 

Қазақстан 16-шы орында 

Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте кешегімен салыстырғанда 4 сатыға төмендеп, 16-шы орынға жайғасты. Әзірге көш басында Қытай. Еншісінде 9 алтын бар. Екінші орында Франция. Үздік үштікте Жапония.