Елімізде семсерлесу спорты қарқынды дами бастады

Былтыр алғаш рет ерлер құрамасы әлем кубогында жеңіске жетті, деп хабарлайды 24kz.

Ал жаһандық жарыста ұлттық құрама үздігі, Руслан Құрбанов қола жүлде еншіледі. Осындай жоғары жетістіктердің арқасында алғаш рет Қазақстан Париж Олимпиадасына семсерлесуден толық құрамда аттанды. Енді бүгін біздің жігіттер командалық сында Мажарстан елінің өкілдерімен қылыш-тарын айқастырады.

Елордалық семсерлесуші Айша Сыздық қазір өз құрбыларымен бірге Азия біріншілігіне қызу дайындық үстінде. Жас бұрымдының бұл спортқа келгеніне 5 жылдың төңірегі болды. Биыл ол ішкі чемпионатта қарсылас шақ келтірмей алтын медаль иеленген. Ал бұған дейін өз командасымен Азия кубогының қола жүлдегері атанған болатын.

Айша Сыздық, спортшы:

- Конкуренттеріміз менің ойымша, өте көп. Сен бір жарыста алтын аласың. Екіншісінде сен ештеңе ала алмай қаласың. Өйткені сен психологиялық-ментальдық түрде дайын болмайсың. Алматы қаласы, Алматы облысы, Шымкент, Қарағанды қаласы, Тараз қаласы қазір ашылған және Астана қаласында өте қарсыластар бар. Барлығы өте жақсы семсерлеседі.

Бұл жастарды білікті бапкер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлия Бектұрғанова жаттықтырады. Кезінде ел намысын халықаралық ареналарда қорғап, Азия ойындарында, сары құрлық біріншіліктерінде жүлдеге ие болған. Қазір Әлия жас буындарды жаттықтырып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде.

Әлия Бектұрғанова, семсерлесу спортынан жоғары санатты жаттықтырушы:

- Өздеріңіз байқағандай, 6 жастан жоғары келеді. Негізі 12-13 жастағы балалар көп. Қыздар, ұлдар бәрі келіп жатыр. Олимпиадада қазір өнер көрсетіп жатқан Әлімжанов Эльмир, Курбанов Руслан, Шарлаимов Вадим, Ерлік Сертай және де біздің қазақ қызымыз Сарыбай Әйгерім. Соларды үлгі тұтып, бізде қазір көптеген балалар келіп жатыр осы спорт түріне.

Семсер, қылыш және рапира. Бұл спорттағы жарыста осының үшеуі де қамтылады. Айта кету керек, Париж төріндегі төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы алғаш рет толық құрамда өнер көрсетіп жатыр.

Мирболат Әбуов, Ұлттық семсерлесу федерациясының президенті:

- Біз осы Олимпиада ойындарына толық құраммен келдік. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Жекелей сында жақсы өнер көрсетті. Францияның мықты деген спортшыларын сүріндірді. Негізі Францияның семсерлесушілері әлемдік рейтингте бірінші орында. Ал сол 3 мықтының екеуін біздің спортшылар жарыстан тайдырды. Негізі біздің елде жас дарындар жетерлік. Оларға тек қолдау көрсету керек. Әлемдік жарыстарда да біздің құрама жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Қазір семсерлесу спортына деген қызығушылық жоғары.

Енді ертең Париж Олимпиадасында еліміздің ерлер құрамасы Мажарстан елінің өкілдерімен семсерлесетін болады. Ширек финалдық кездесу тамыздың 2-і күні сағат 16:30-ға жоспарланған. Ел үмітін арқалаған спортшыларға жас семсерлесушілерде сеніммен қарап отыр.

Авторлары: Риат Шони, Жарқын Өрден