Олимпиада күнделігі: 7-ші жарыс күні қалай өтіп жатыр?

Гранд Пале сарайында Қазақстанның семсерлесушілер командасы венгриялықтарға қарсы сынға түсіп, 30:45 есебімен жеңіліс тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов үштігі Мажарстан спортшыларымен 9 жекпе-жек өткізді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Жерлестеріміз Венгрияға қарсы сайысқа түсіп, жеңілгеннен кейін медальға деген үміт көзден бұлбұл ұшты. Сайыстың тартысты өткенін көрдіңіздер. Алайда басымдық тоғыз раундтың екеуінде ғана байқалды.

Алғашқы раундта Вадим Шарлаимов 1:5 есебімен қарсыластарды алға жіберді. Эльмир Әлімжанов екінші раундта есепті теңестіре алмай, айырмашылықты арттырып алды. Үшінші раундта Руслан Құрбановтың венгриялық Андрасфи Тиборға қарсы ойыны біраз үміт сыйлаған еді. Себебі жекпе жек отандасымыздың есебіне шешілген еді. Одан соң 8 бірдей ұпай сыйлаған Вадим Шарлаимовтың ойыны сәл еңсе көтергенімен, соңғы раундтқа дейін Мажарстан құрамасын жеңе алмадық. Ең соңында Эльмир қарсыластан басым түссе де, есеп 30:45 болып қорытындыланды. Енді семсерлесушілеріміз мысырлық құрамаға қарсы сайысып, 5:8 орында үшін таласып жатыр.

Жұбаныш финалында академиялық ескек есуден Ұлттық құрама спортшысы Владислав Яковлев  жеңіске жетті. Ол Е тобының финалында 6:59:43 секунд уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші жетті. Бұл, әрине, негізгі финал болмаған соң ескек есуден жүлделі болмадық. Осылайша, Владислав Париждегі ойындарды жалпы есепте 25-ші орынмен аяқтады.

Айта кетейік, Яковлев үшін бұл – 4-ші Олимпиада. Лондонда 28-ші орын. Рио-де-Жанейрода 31-ші орын. Токиода 19-шы орын.

Бүгін дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында жекелей сындағы соңғы жарыс күні өтіп жатыр. Өкінішке қарай, қазақстандық спортшы Камила Берліқаш бірінші белдесуде қарсыласқа есе жіберді. +78 келіде сынға түскен атлет моңғолиялық Адиясурен Амарсайханнан ұтылды. Камила кездесу барысында үш рет ескерту алды. Нәтижесінде жеңіс Моңғолия балуанына берілді. 

Айта кетелік, осымен жекелей сындағы қазақстандық дзюдошылар бәсекесі аяқталды. Енді Қазақстан құрамасы аралас командалық сында өнер көрсетеді.

Камила Берліқаш, ҚР дзюдо құрама командасының мүшесі:

- Әрине, жоспар бұл жарыста медаль алу керек болатын. Ағайлармен бірге қойған жоспарда. Өкінішке қарай, бірінші белдесуімде моңғол палуанына жеңілдім. Үш шидомен ұтты. Ода бір шидо еді. Сосын маған үшінші шидоны берді. Golden score уақытында.

Жүзуден Қазақстан командасының мүшесі Әділбек Мусин Париж Олимпиадасының жартылай финалына өте алмады. 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден сынға түскен Мусин өз тобында бесінші орын алса, жалпы есепте 29-шы сатыдан көрінді. 

Қазақстандық жеңіл атлеттер Елизавета Матвеева мен Надежда Дубовицкая Олимпиада ойындарын аяқтады. Олар биіктікке секіруден іріктеу сынына қатысқан болатын. Финалға өту үшін оларға алғашқы 12 спортшының қатарынан көріну керек болды (197 сантиметрді бағындыру немесе одан да жоғары орыннан көріну). Дубовицкая 183 сантиметрге секірді (ол 188 сантиметрді бағындыра алмады). Матвеева 188 сантиметрді бағындырған, алайда үш мүмкіндігінде де 192 сантиметрді еңсере алмады. Іріктеу қорытындысы бойынша Надежда Дубовицкая 28, Елизавета Матвеева 19-шы орында. Олар финалға жолдама алған 12 спортшының қатарына қосыла алмады.

Надежда Дубовицкая, ҚР жеңіл атлетика құрама командасының мүшесі:

- Аренаның атмосферасы ерекше болды. Өкінішке қарай, жақсы нәтиже көрсете алмадым. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді ғой. Осы бір сүрінуден кейін сөзсіз алға ұмтылу керек.

Елизавета Матвеева, ҚР жеңіл атлетика құрама командасының мүшесі:

- Көрсеткен нәтижеме көңілім толмай тұр. Бір жағынан Қазақстанның атынан өнер көрсету ерекше бақытқа бөлейді. Сондықтан барша жанкүйерлерге алғыс айтамын.

Кешке болатын сайыс түрлеріне шолу жасай кетсем. 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай әзербайжандық Мурад Аллахвердиевпен шаршы алаңға шығады. 57 келі салмақта Карина Ибрагимова пуэрто-риколық Ашлеян Лозада Моттамен сынға түседі. Ал Сәкен Бибосынов Олимпиаданың 1/8 финалында түрік боксшысы Самет Гюмюшті жеңген болатын. Енді ол ширек финалда өзбек спортшысы Хасанбай Дусматовпен жұдырықтасады. Бибосынов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері болса, Дусматов Рио Олимпиадасында алтын медаль иеленген. Осыған қатысты Қазақстанның бокс федерациясының вице-президентін сөзге тарттық. Мұхтархан Ділдәбеков былай деді.

Мұхтархан Ділдәбек, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті:

- Енді бұл жерде Олимпиадаға мына боксшы жеңімпаз, мына боксшы жеңімпаз емес деп келмейді ғой. Әр боксшы, әр спортсмен өз дайындығын дайындап келеді. Сондықтан мен ойлап отырмын, құдай қаласа, біздің Сәкен Бибосынов ертең осы уақытқа дейін не жасады, не істеді, дайындығының барын көрсетеді деген ойдамыз. Бұл Сәкен Бибосыновтың бірінші олимпиадасы емес. Екінші олимпиадасы. Олимпиадада еш қате жібермеу керектігін біледі.

Сондай-ақ батуттағы гимнастикадан Данил Мұсабаев іріктеу сынына қатысады.