Бокс: Айбек Оралбай мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жеңіліп қалды

Бокстан ерлер құрамасы үшін кешегі жарыс күні сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Алдымен 92 келідегі Айбек Оралбай Әзербайжан атынан өнер көрсететін кубалық боксшыға есе жіберді. Ол алғашқы раундты 4:1 есебімен өз пайдасына шешкенімен қалған 2 раундта жеңіліп қалды. Айбек соңына дейін барынша ширақ қимылдауға тырысты. Алайда қарсыласы қашып жүріп, қарымта соққылармен ұпай жинады. Нәтижесінде төрешілер шешімімен әзербайжан спортшысы жартылай финалға жолдама алды. Артынша 63,5 келі салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да өзінің 3-ші жекпе-жегінде жеңіліс тауып, жартылай финалдан сырт қалды. Ол грузия боксшысы Лаша Гурулиге есе жіберді. Қорытынды есеп – 3:2. Алайда Ұлттық Олимпиада комиеті төрешілердің бұл шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген.