Велошабандоздар Олимпиадада жүлдеге жете алмады
Қазақстандық велоспортшылар жүлдесіз қалды, деп хабарлайды 24KZ.
«Astana Qazaqstan Team» секілді кәсіби командасы бар елдің бұл спортта медаль алмауы – шынында да төмен нәтиже. Парижде Алексей Луценко мен Евгений Федоровқа үміт артылды. Бірақ кәсіби велоспортшылар нашар нәтиже көрсетті. Тасжолдағы топтық жарыс 273 шақырымды құрады. Луценко мәреге 52-ші болып жетті. Ал әріптесі Федоров орта жолда болдырып, жарыстан мүлде шығып қалды. Велошабандоздар үшін Александр Винокуров ақталып әлек. Ол әдеттегідей алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетуге уәде берді.
Александр Винокуров, «Astana Qazaqstan Team» командасының бас менеджері:
- Әрине, елдің атынан жарысқа қатысқанда «алтын» алғанын қалайсың, сондықтан кішкене қынжылып тұрмын. Олимпиадаға кіл мықты қатысады. Қыркүйекте әлем чемпионаты болады, сонда жақсы нәтиже көрсету үшін жұмыс істейміз енді.