Гимнасшы Нариман Құрбанов бапкер әкесінің үмітін ақтады
Париж Олимпиадасы отандық спорттық гимнастика тарихында алтын әріппен жазылды.
Тұңғыш рет кешенді сынның медалі Қазақстан қоржынына түсті. 27 жастағы Нариман Құрбанов күміс жүлде еншіледі. Ойындарға алғаш рет қатысып, жеңіс тұғырына көтерілген жерлесіміз жақындары мен жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
Нариман Құрбановтың туыстары спортшының өнерін тікелей эфирден тамашалады. Әр қимылын қалт жібермей, жеңісіне шаттана қуанды. Осы сәтте олармен бірге миллиондаған жанкүйер де көгілдір экранға телміріп, қуаныштан бөркін аспанға атқаны анық.
Шәкіржан Құрбанов, Нариман Құрбановтың ағасы:
- Ол – біздің мақтанышымыз. Қуанғаннан тіпті не айтарымды да білмей тұрмын. Көңілім толып, толқып тұрмын. Оған жанкүйер болған барша отандастарыма рақмет айтамын. Алдағы уақытта тағы үлкен жетістіктер күтеміз.
Жарыстан кейін тілшілерге сұхбат берген Нариман жаттығуды орындаған кезде бойындағы үрей мен қорқынышты жеңе алғанын айтты. «Кез келген сайыста өзіңді психологиялық тұрғыда басқару өте маңызды», – деді ол.
Нариман Құрбанов, Париж Олипиадасының күміс жүлдегері:
- Жаттығуды жасауға шыққанда бөтен ойдан арылдым да, тек қана денеме ерік бердім. Мен бұл комбинацияны қалай жасап шыққанымды білмеймін. Осы жаттығуды жылдар бойы жасап келдім. Бұған дейін соңына қарай құлап қалатынмын. Тәжірибем жетіспегендіктен емес, психологиялық тұрғыда жеңіліп, беріліп қоятын едім. Бұл жолы жігерімді жанып, өмірімдегі ең маңызды сайыста соңына дейін жеткіздім.
Нариманды спорт залына әкесі Хусанжан әкелді. Жас кезінде спорттық гимнастикамен айналысқан тәжірибелі бапкер ұлының өз жолын қуғанын жөн көрген. Нариман да әке үмітін ақтауды өмірлік мақсатына айналдырды.
Ол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жеңіс туын желбіретті. Алғаш рет Мельбурнда Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті. Ал 7 жыл бұрын «аттың» үстінде жасайтын қиын жаттығулардың бірі Нариманның есімімен аталды. Азия чемпионатында спорттық гимнастика тарихындағы ең жоғарғы ұпайға ие болды. Осы жарыстан кейін ол Олимпиада жүлдесіне қол жеткізуді армандай бастаған.
Нариман Құрбанов, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Токио Олимпиадасына жол түспегеннен кейін Парижге дайындала бастадым. Жаттығу бағдарламасын өзгерттім. Осы 3 жыл ішінде небір қиын сәттерді басымнан өткіздім. Бір жарыста жеңіп, келесі жарыста психологиялық жағынан дайын болмаған соң жеңіліп қалып жаттым. Ал қазір Олимпиада медалін алдым, өзіме өзім сене алар емеспін.
Нариман Қазақстан құрамасының қоржынына 4-ші медальді салды. Бұған дейін дзюдошылар – Елдос Сметов чемпиона атанса, Ғұсман Қырғызбаев қола медальді олжалады. Нысана көздеуде мергендеріміз Александр Ле мен Ислама Сәтбаев үшінші орынды еншіледі. Қоржынымыз әлі де толығатыны сөзсіз. Себебі бокшслырамыз Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбай жартылай финалға шықты.
Авторы: Нұрқанат Қанапия.