Париж-2024: Нора Джеруто финалға шықты

https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Қазақстандық жеңіл атлет Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Париж Олимпиадасының финалына жолдама алды, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлттық құрама спортшысы іріктеуде 4-ші орын алды. Уақыт көрсеткіші – 9 мин 16.46 секунд. Бұл – Нораның осы маусымдағы үздік нәтижесі.

Финал 6 тамыздан 7-сіне қараған түні өтеді. Джеруто осы қашықтықта 2022 жылы Юджинде өткен әлем чемпионатында Қазақстанға жеңіл атлетикадан алғашқы «алтынды» алып келген.

Нора Джеруто, ұлттық құрама мүшесі:

- Мен дәл осы жерде Қазақстанның атынан жарысқа шыққаным үшін қуаныштымын. Бұл – менің бірінші Олимпиадам. Өте бақыттымын. Жарыста жақсы жағымнан көріне алмаған сияқтымын. Ауыр болды. Енді финалдық жарысты күтеміз. Қолымнан келгеннің бәрін жасайтыныма сенімдімін.

3 мың метрге кедергілер арқылы жүгірген тағы бір қазақстандық спортшы Дейзи Джемпекей финалдан сырт қалды. Ол өз тобында мәре сызығын 10-шы болып кесті. 200 метрге жарыста Ольга Сафронова өз тобында мәреге жетінші болып келді. Енді Қазақстандық жеңіл атлет жұбаныш айналымына қатысады.