Елордада шахматтан әлем чемпионаты өтті
Астанада шахматтың рапид түрі бойынша әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Командалық сайыста Біріккен Араб Әмірліктері атынан шыққан Әл-Аин құрамасы жеңіске жетті.
Даниил Дубов бастаған шахмат шеберлері 21 ұпаймен Қытай командасын басып озды. 20 ұпайды еншілеген «Дикейд Чайна» күміс жүлдені еншіледі. Хоу Ифань бастаған Виар Чесс командасы үшінші орынға тұрақтады. Қазақстанның атынан жарысқа шыққан Kazchess командасы оныншы орыннан көрінді. Teniz Kazakhstan турнир кестесінде, он төртінші болды. Astana-2, «Джиэмс Kazakhstan» және «Astana-1» командалары 19-шы, 20-шы және 22-шорындарға жайғасты. Әлем чемпионатында жаһанның ең үздік гроссмейстерлерінен жасақталған 39 команда бақ сынады. Зияткерлік сайысқа 350 спортшы қатысты.
Пархам Магсудлу, ирандық гроссмейстер, Al-Ain ACMG командасының мүшесі:
- Жарыс өте тартысты өтті. Әлемнің кіл мықты шахматшылары осында жиналып, жеңіс үшін күресті. Командамыз ғажап нәтиже көрсете алғандықтан, бұл турнирде жеңіске жетті. Жеңіс үшін барымызды салдық, оның үстіне тобымызда тәжірибелі шахматшылар жиналған. Әр раундтағы әр ойын үшін күрестік. Магнус Карлсеннің тобына қарсы ойнау қиынға түсті. Бірақ оны жеңгеннен кейін тынысымыз ашылғандай болды.
Елордадағы шахматтан әлем біріншілігі әлі жалғасады. Бүгін командалар блицтен сайысқа түседі. Астана жұрты билет алып, әлем чемпиондары Дин Лижэнь, Магнус Карлсен, Александра Костенюк, Даниил Дубов сынды азулы гроссмейстерлердің ойынын тамашалай алады.