Елімізде 8 млн адам бұқаралық спортпен айналысады
Қазақстандықтардың 40%-і спортпен айналысады, деп хабарлайды 24kz.
Ел Үкіметі жыл сайын бұл көрсеткішті кем дегенде 2%-ке арттыруды көздеп отыр. Жас өренді салауатты өмір салтына баулу үшін бүгінде ел аумағында 780 балалар-жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. 15 спорт клубы, 1 спортты дамыту дирекциясы мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 3 мектеп те саланың дамуына үлес қосуда. Ал мемлекеттік тапсырыс аясында 250 мыңға жуық бала мен жасөспірім түрлі спорттық секцияға барып жүр.
Нұрсұлтан Жанұзақов – мектеп жасынан бері спортты серік еткен жанның бірі. Алғашында жүзумен айналысқан ол, қазір триатлонға бет бұрған. «Салауатты өмір салтын сақтаймын деген әр адамға ниет болса жеткілікті. Қуанарлығы, елімізде халықтың спортпен шұғылдауына жасалған жағдай жылдан жылға жақсарып келеді, ұйымдастырылатын жарыстың да саны артқан », - дейді кейіпкеріміз.
Нұрсұлтан Жанұзақов, Астана қаласының тұрғыны:
- Бокс үшін де, воркаут үшін де, волейбол үшін де, баскетбол үшін де жасалып жатқан жағдайлар көп. Егер ол тек тұрақты бір жерде ғана емес, әрбір мөлтек ауданда ашылса, кішкентай балалардың спортқа деген құлшынысын ашар еді. Негізі спортты бастау үшін инфрақұрылымның қажеті жоқ. Жай ғана жүгіретін жер немесе веложер болса ниеті бар адамға жеткілікті.
Мысалы, жыл басынан бері елорадада 300-ден аса спорттық іс-шара өткен. Ресми дерекке сүйенсек, қалада тұратындардың 39,1%-і спортпен айналысады. Көптің таңдауы баскетбол, стритбол, волейбол, футбол, шайбалы хоккей, дзюдо, бокс, велоспорт, жүзуге түседі екен. Десе де, әкімдіктегілер азаматтарға қолайлы жағдай жасап, саланы өркендету мақсатында атқарылар істің әлі алда екенін айтады.
Азамат Ағзамов, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
- Жылдың соңына дейін «Железнодорожный» тұрғын үй алабында сауықтыру кешені іске қосылатын болады. Келесі жылы «Қазақстан» спорт сарайы мен «Қ.Мұңайтпасов» спорт нысаны жөндеуден өтетін болады. Жыл сайын тұрақты түрде бізде марафондар өткізіледі. Велошерулер өткізіледі. Апта сайын емес, айына бір рет болады. Мерекеге байланысты.
Сарапшылар елде бұқаралық спорттың даму деңгейін жоғары бағалайды. Сөздерінше, бұқаралық спортты дамыту арқылы кәсіби спортшылардың қатарын арттыруға болады. «Тек саннан сапаға жұмыс істеген дұрыс», - дейді мамандар. Болашақ чемпиондарды шаршы алаңға дайындау үшін инфрақұрылымнан басқа жаттықтырушылар мәселесі бар екенін ұмытпаған жөн.
Дамир Сатыбаев, Қазақстан спортшылар одағы төрағасының орынбасары:
- Біздің елімізде әлемдік додаларда көш басынан көрінетін мықты спортшылар жетерлік. Оларды дайындайтын жаттықтырушыларды қолдауымыз қажет. Ең бірінші олардың айлығы жоғары болған дұрыс. Спортшылар, жаттықтырушылар, ата-аналар мен салаға жауаптылардың басын қосып, келешекке даму жоспарын құрған жөн. Өйткені спорт бала кезден басталады. Біз, ең алдымен, жас өрендерге жағдай жасауымыз керек.
Елімізде 8 миллион адам бұқаралық спортпен айналысады. Ал жыл сайын республика аумағында 25 мыңнан аса спорттық іс-шара өтеді. Сонымен қатар биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 7 мыңнан аса секция қаржыландырылған. Оған 250 мыңға жуық бала мен жасөспірім қатысады.