Ғұсман Қырғызбаевқа «капитан» әскери атағы берілді
Париж Олимпиадасында ел намысын қорғап, дзюдодан қола жүлде иеленген Ғұсман Қырғызбаевқа «капитан» әскери атағы мерзімінен бұрын берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Спортшы Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубында әскери қызмет атқаратыны белгілі. Ол бұған дейін 2021 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде, 2019 және 2022 жылдардағы Азия чемпионаттарында қола медаль иегері атанған. «Капитан» әскери атағы аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаевпен қатар оның егіз сыңары, Орталық спорт клубының аға жаттықтырушысы Ғұмар Қырғызбаевқа да мерзімінен бұрын берілді. Бұл – спортшыларға Отан алдындағы ерекше еңбегі, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, жоғары жетістіктері және кәсібилігі үшін көрсетілген ерекше құрмет. Қуанышты жаңалықпен Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, полковник Арман Әбеуов бөлісті. Ол ағайынды егіздерге әскери атақты Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тапсыратынын айтты.
Арман Абеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының басшысы:
- Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаев екі ағайынды 2015 жылы Орталық спорт клубқа келіп, сарбаз болып біздің ортамызға келген. Міне, қазіргі таңда Олимпиаданың жүлдегері болып жатыр. Бізге бәрімізге қуаныш алып келіп, Қорғаныс министрлігі мен ұжымның атынан біз Ғұсман мен Ғұмарды құттықтап жатырмыз.