Олимпиада күнделігі: 10-шы жарыс күні қалай өтіп жатыр?
Бүгін Олимпиаданың 10-шы күнінде күрес түрлерінен палуандар жарысы басталды.
Париждің Марс аренасында грек-рим күресінен екі бірдей жерлесіміз өнер көрсетіп жатыр. Олар – 60 келі салмақтағы Айдос Сұлтанғали мен 130 келі салмақтағы Әлімхан Сыздықов.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Париждің Марс аренасы дзюдодан жарыстарды толық аяқтаған соң кезекті грек-рим күресі мен еркін күрестің палуандарына берді. Бүгін бозкілемде қос бірдей палуанымыз сынға түсті. 60 келі салмақтағы Айдос Сұлтанғали қырғыз палуаны Жоламан Шаршенбековпен белдесуге шықты. Қарсылас – 2022, 2023 жылғы әлем чемпионы.
Марс аренаның екінші алаңына ауыр салмақтағы палуандар шықты. 130 келі салмақтағы Әлімхан Сыздықов румыниялық спортшымен сынға түсті.
Грек-рим күресінен тағы 2 палуанымыз өнер көрсетеді. 77 келі салмақтағы Дәурен Жадраев пен 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов бар. Еркін күрестен 4 бірдей палуанымыз алдағы күндері белдеседі. Мейрамбек Қартбай, Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмурзаевтар жүлдеден дәмелі.
Бүгінгі сайыс алдында Халықаралық күрес федерациясы президенті баспасөз отырысын өткіз. Сол кезде 61 елден 300-ге жуық палуанның қатысып жатқанын айтты. Арасында Орталық Азия елдерінің де әлеуетінің жоғары екенін, оларға назардың ерекше боларын тілге тиек етті.
Ненад Лалович, United World Wrestling президенті:
- Жалпы Азия елдері күрестің барлық түрлерінен жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Соның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның көрсеткіштері өте жақсы. Токио Олимпиадасына қарағанда қазір Қырғызстан палуандарының әлеуеті мықты. Қазақстан мен Өзбекстан да қалыс қала қоймас деген үміттемін.
Сондай-ақ бүгін нысана көздеудің скит дисциплинасы бойынша аралас топта Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко финалдық сынға өте алмады. Мергендер жұбы 140 ұпаймен 12-ші орынға тұрақтады. 23.70 секунд ұпаймен Ольга Сафронова да жүлдесіз қалды. Жұбаныш раундында 200 метрге жүгірген атлетіміз 26 cпортшының ішінде 23-ші орын алды. Енді алдағы уақытта назарымыз боксшыларда болмақ. Жартылай финалда қытайлық әлем чемпионына қарсы рингке Назым Қызайбай шығады. Ертеңгі жекпе-жек жайлы Қазақстаның бокс федерация вице-президенті де пікір білдірді.
Мұхтархан Ділдәбеков, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті:
- Енді мынау жартылай финалдан өтіп алса, финалға бір табан қалды. Сондықтан, міне, қазір Қытай мемлекетінің қызымен бокстасады. Өйткені алтынға 2 қадам қалды. Сондықтан жақсылап барлық күшін, барлық істеген жұмысын сол рингте түйіп бокстасса, біз, құдай қаласа, финалға шығамыз деген ойдамыз.
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегерінен Нұрбек Оралбай қатысатын финалдық бәсеке жайлы да сұраған едік. Қарсыластың жерлесімізге ыңғайлы екенін тілге тиек етті.
Мұхтархан Ділдәбеков, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті:
- Украиндық Хижняк деген боксшы Олимпиадаға екі рет қатысқан. Біріншіде күміс алған. Енді финалда біздің батырымызбен кездеседі. Біздің батырымызға Нұрбекке ыңғайлы деп ойлаймын. Өйткені жеңіс болу керек, құдай қаласа. Жақсылап дайындық жасап, өзінің жеке бапкері бар. Осы күнге дейін не дайындығы болды, соның барлығын шаршы алаңда көрсетеді деген ойдамыз.
Қазақстан спортшыларының су жаңа «капитаны» бар. Бұл әскери атақ аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаевпен қатар оның егіз сыңары, Орталық спорт клубының аға жаттықтырушысы Ғұмар Қырғызбаевқа да мерзімінен бұрын берілді. Бұл – спортшыларға Отан алдындағы ерекше еңбегі, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, жоғары жетістіктері және кәсібилігі үшін көрсетілген ерекше құрмет. Қуанышты жаңалықпен Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, полковник Арман Әбеуов бөлісті. Ол ағайынды егіздерге әскери атақты Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тапсыратынын айтты.
Арман Абеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының басшысы:
- Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаев, екі ағайынды 2015 жылы Орталық спорт клубқа келіп, сарбаз болып біздің ортамызға келген. Міне, қазіргі таңда Олимпиаданың жүлдегері болып жатыр. Бізге бәрімізге қуаныш алып келіп, Қорғаныс министрлігі мен ұжымның атынан біз Ғұсман мен Ғұмарды құттықтап жатырмыз.