Қырғызстан азаматы велосипедпен Астанаға аттанды

Қырғызстанның Ош қаласының тұрғыны Мамыт Таштанов көшпенділер ойынын тамашалау үшін велосипедпен Астанаға аттанды.

Ол екі ортадағы 2 мың шақырым қашықтықты  қыркүйектің 8-іне дейін еңсеруге ниетті. Ондағы мақсаты - түркітілдес елдер достығын нығайтуға атсалысып, бұқараны спортпен шұғылдануға шақыру, дейді ақсақал. Айта өтейін, саяхатшы велосипедпен алыс сапарға алғаш рет  шығып тұрған жоқ.  Бұған дейін Мамыт Таштанов Орталық Азия аумағында өткен бірнеше ірі додаға қатысқан. Бұдан бөлек, 2 жыл бұрын Түркияның Изник қаласына велосипедпен жетіп, төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалапты.

Мамыт Таштанов, велотурист:

- Өзіммен бірге шатырымды алдым. Ас әзірлеуге қажетті құрал-жабдықтарым да бар. Бұдан бөлек жолда қал-жағдай сұрасып, қол ұшын созып жататын азаматтар бар. Жалпы жол жақсы болса, велосипедпен күн сайын 100 шақырым жерді жүріп өтемін. Ал егер таулы аймақ болса, 70 шақырымдай жерді еңсеремін. Жалпы бүгінге дейін мен 3 мың шақырымнан аса жерді велосипедпен жүріп өтіппін.