Жанкүйерлер Олимпиада жеңімпаздарын әуежайдан күтіп алды

Бүгін Олимпиада жеңімпаздарының тағы бір легі – қола жүлдегерлер Ислам Сәтбаев, Александра Ле және спорттық гимнастикадан күміс медаль иегері Нариман Құрбанов елімізге оралды, деп хабарлайды 24KZ.

Алматы әуежайынан спортшыларымызды жанкүйерлері, достары мен туыстары қарсы алды. Париж төріндегі қуаныш бөлек, ел ортасына аман-есен келіп, құрмет-қошеметке бөлену бөлек әсер екені белгілі. Спортшыларымыз қаумалаған елмен тілдесіп, суретке түсті.

Айта кетейік, мергендеріміз Ислам Сәтбаев пен Александра Ле нысана көздеуден Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салған болатын. Ал Нариман Құрбановтың күміс медалі – тарихи жеңіс. Себебі бұған дейін елімізде спорттық гимнастикадан Олимпиада медалі болмаған. Спортшыларымыз енді аз ғана үзілістен кейін жаттығуға қайта кіріседі. Ендігі меже – Лос-Анжелес Олимпиадасы. 

Нариман Құрбанов, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:

- Бұл – көптен күткен медаль. Шын мәнінде тарихи жағдай. Ұялы телефоныма келіп түскен хабарламалардың бәрі құттықтаудан гөрі алғысқа толы болды. Себебі осы жеңіс арқылы мен елге ерекше мақтаныш әкелдім деп ойлаймын.