Олимпиада күнделігі: еліміз 30-шы орында тұр

Бүгін – Париж Олимпиадасының 12-ші жарыс күні.

Әзірге отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 3 қоламен жалпы есепте 30-шы орында тұр. Есесіне бүгін ел қоржынына қос алтын медаль түсуі мүмкін. Басты үміт грек-рим шебері Демеу Жадыраев пен боксшы Нұрбек Оралбайда.

Спортшыларымыздың көрсеткіші көңілден шығып жатыр. Кешегі күннің өзінде бір сенсация тіркелді, Олимпиада рекорды жаңарды, тіпті қоржынға медаль да түсті.

Назым Қызайбай – Париж Олимпиадасының қола жүлдегері

Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол жартылай финалда қытайлық боксшымен жұдырықтасып, ақтық кезең жолдамасын сарапқа салған еді. Алайда отандасымыз әлем және Азия ойындарының чемпионына есе жіберіп, үздік үштіктен көрінді. Осылайша, Назым Қызайбай өзінің алғашқы Олимпиадасында қолаға қол жеткізді. Тіпті боксшылар арасынан ел қоржынына бірінші болып жүлде салды.

Айта кетейік, ол алғашқы кездесуінде италиялық, артынша бразилиялық және колумбиялық спортшылардан айласын асырған еді.

Назым Қызайбай, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Енді ойдағыдай болмады. Кеш бокстастық. Ұтуға барымды салдым. Бірақ қытай қызы алдап кетті. Кішкене қатып қалдым, қатты ұрамын деп. Қатты настрой ұстадым, содан кейін шығар. Енді былай қарасаң, барлық қарсылас бірдей ғой. Бұл жерде енді қатты ұтқым келді. Кішкене ойдағыдай болмады.  

Елдос Сайдалин, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Қолынан келгеннің барлығын жасады. Назымға ешқандай реніш жоқ. Олимпиадада 4 кездесу өткізіп, барлығын жақсы өткізді. Әрине, жартылай финалды өздеріңіз көрдіңіздер. Мықтыны мықты деп мойындау керек. Бұл – спорт. Бұл жерде жеңімпаз бар. Біреуі жеңіп, біреуі жеңіледі. Бірақ Назымға ешқандай ренішім жоқ. Барын салды. Керемет. Назым – мен үшін батыр қыз. 

 

Демеу Жадыраев финалда күреседі

Грек-рим күресінен Демеу Жадыраев Олимпиада ойындарының ақтық кезеңіне шықты. 77 келіде сынға түскен отандасымыз жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановтан басым түсті. Қорытынды есеп: 6:1. Енді алтын медаль үшін жапониялдық балуанмен белдеседі. Ол бірінші кездесуінде колумбиялық спортшыны ұтса, ширек финалда Қырғызстанның үкілеген үміті Ақжол Махмудовты жеңіп, сенсация жасаған еді.

Демеу Жадыраев, грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшесі:

- Жоспар бойынша әр белдесуге дайындық болды. Жаттығудан қалмай, дайындалып, бапкерлермен тактика қойдық. Әр белдесуге дайындық болады. Аллаға шүкір, финалға шықтық. Барлығына көп рақмет.

Ербол Мырзабосынов, ҚР ТСМ комитетінің төрағасы:

- Алда 50% жұмысымыз бар. Финалда күреседі. Әр спортшының арманы – Олимп шыңының алтынын алу. Сондықтан ел болып құттықтап жатырмыз. Спортшы, команда, ел үшін алтын медаль маңызды. Сондықтан ертең жапон спортшысын зерттеп, қыр-сырын қарап отырмыз. Қазір соған тиянақты дайындалады. 20 жыл бұрын бір финал болған грек-рим күресінен. Сондықтан алтын медаль үшін күресеміз.

 

Әмір Маймұратов Олимпиада рекордын жаңартты

Әмір Маймұратов спорттық құзға өрмелеуден Олимпиада ойындарының рекордын жаңартты. Уақыт көрсеткіші – 4,89 секунд. Ол бұл нәтижеге бірінші мүмкіндігінен-ақ қол жеткізді. Ал оңтүстікафрикалық қарсыласының көрсеткіші 5,84 секундты құрады. Нәтижесінде отандасымыз ширек финалға жолдама алды. Енді келесі айналымда Иран өкілімен сынға түседі.      

Әмір Маймұратов, спорттық құзға өрмелеуден ұлттық құрама мүшесі:

- Шынымды айтсам, өте оңай болды. Құзға өрмелеу өте жақсы. Ешқашан бұлай өрмелегенім жоқ. Енді Олимпиада ойындарында ең мықты құзға өрмелеу көрсеткішін жасадым. 

 

Нора Джеруто жүлдеге ілікпеді

Жеңіл атлет Нора Джеруто финалда үздік ондықтың қатарынан көрінді. 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруден сынға түскен ол 15 спортшының арасынан мәре сызығын 9-шы болып кесті. Қазақстандық желаяқ жарыстың алғашқы шақырымында көшбасшы топтың қатарында болғанымен, екінші шақырымда 7-ші орынға, әрі қарай аутсайдерлер тобына түсіп қалды.   

 

Бүгін жарыс жолына шығатын спортшылар

Дәл қазір велотректен Андрей Чугай мен таеквондодан Самирхон Абабакиров сынға түскелі жатыр. Кешкісін және түнде қос бірдей финал. Әуелі 21:15-те грек-римнен Демеу Жадыраев алтын медаль үшін бозкілемде белдеседі. Артынша түнгі 1 мен 2-нің аралығында Нұрбек Оралбай шаршы алаңға көтеріледі. Оның ақтық сындағы қарсыласы – украиналық Александр Хижняк.

 

Қазақстан 30-шы орында тұр 

Қазақстан құрамасы жалпы есепте кешегімен салыстырғанда бір сатыға төмендеп, 30-шы орынға жайғасты. Әзірге көш басында әдеттегідей АҚШ. Екінші орында Қытай. Үздік үштікте Аустралия.