Қызылордада қазақ күресінен жарыс басталды

Қызылордада қазақ күресінен «Алтын белбеу» іріктеу жарысы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бозкілемдегі бәсекеде 250-ге жуық спортшы бақ сынайды. Сонымен қатар «Түйе палуан» сайысы да қатар өтеді. Белдесулер 2 күн бойы жалғасады. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталып, қаржылай сыйлық алады. Ал түйе палуандар арасынан дара шыққан жеңімпаз «Сыр барысы» белбеуін, алтын тайтұяқ және 1 миллион теңге сыйақыны иеленеді. Екінші және үшінші орын алған спортшыларға «Сыр арланы», «Сыр сұңқары» атағы беріледі. Қазақ күресінен жоғары ұлттық санаттағы төреші Ғалым Ержановтың айтуынша, «Сыр барысы» атанған спортшылар «Қазақстан барысы», Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, «Әлем барысы» жарыстарына қатысуға мүмкіндік алады.

Ғалым Ержанов, қазақ күресінен жоғары ұлттық санаттағы төреші:

- Үміткерлер көп, «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев, Айбек Серікбаев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабылов деген. Осы палуандардың қайсысы мықты, сол палуандар шығады. Финалға шыққан палуандар іріктеу жарысынан өтіп, «Қазақстан барысына» жолдама алады.