Демеу Жадыраев: Финалда жауапкершілігім жеңіп кетті
Ұлттық құрама қоржынында бір алтын, үш күміс, үш қола медаль, деп хабарлайды 24kz.
Париж Олимпиадасында 77 келі салмақта сынға түскен грек-рим палуаны Демеу Жадыраев алғашқы кезеңде колумбиялық Хаир Куэроны айқын басымдықпен жеңді. Одан кейін сайыс фовариті қырғызстан өкілі Ақжол Махмудовтан айласын асырып, жартылай финалда Санан Сүлеймановты жерге жықты. Алайда ақтық сында жапондық Нао Кусакаға 5:2 есебімен есе жіберді.
Демеу Жадыраев, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:
- Дайындығым жоғары деңгейде болды. Бірақ енді финалда ұтылғаннан кейін кішкене өкініш болады екен. Бұйырғаны осы болды. Мен енді жауапкершілікті жоғары сезіндім. Финалға дейін ондайды сезінбеп едім. Финалға шыққаннан кейін менде жауапкершілік басым болып кетті. Сол жауапкершілігім жеңіп кетті ғой. Әйтпесе жоғары деңгейде дайын болдым. Мені қолдағандарға рахмет. Күміс құтты болсын.
Юрий Мельниченко, грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:
- Жақсы күресті, алайда аздап шапшаңдық жетіспеді. Бірде сәтсіз әдіс жасаса, енді бірде тепе-теңдігін жоғалтты. Жапондық қарсыласы оңтайлы сәтті тиімді пайдалана білді. Өте өкінішті. Басынан соңына дейін күресті. Бозкілемде барын салды. Бірақ Демеу финалист, күміс медаль. Бұл – үлкен жетістік. Осы сәтте бізді қолдағандардың барлығына алғыс айтамын.