Қазақстан Париж Олимпиадасын 43-орынмен аяқтады
Францияның Париж қаласында өткен отыз үшінші жазғы Олимпиада ойындары аяқталды.
Байрақты бәсекенің барлық медалі сарапқа салынып, АҚШ 40 алтын, 44 күміс, 42 қоламен командалық есепте топ жарды. Ал екінші орын Қытай құрамасына бұйырды. Үздік үштікті Жапония түйіндеді. Қазақстан 43-орынға тұрақтады.
Төрт жылдықтың басты додасы өз мәресіне жетті. Кеше жарыс жолына жерлестерімізден Әлішер Ерғали мен Жанна Мамажанова шыққан еді. Еркін күрес шебері жұбаныш белдесуінде ирандық спортшыға 1:6 есебімен есе жіберді. Ал марафоншы аруымыз 2 сағат 30 минут 51 секунд көрсеткішімен 33-орынға тұрақтады. Осылайша Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасын 43-орынмен аяқтады. Ел қоржынында бір алтын, үш күміс және үш қола. Жабылу салтанатында Қазақстанның туын таэквондошы Батырхан Төлеуғали мен гимнасшы Эльжана Таниева ұстады. Естеріңізге сала кетейік бұған дейінгі Токио ойындарында ел спортшылары тек 8 қоламен шектелген болатын. Ал Қазақстан үшін, ең жақсы көрсеткіш Атланта және Лондон олимпиадаларында тіркелген еді.
Көшпенділер ойындарында ел намысын 216 спортшы қорғайды
Тура 27 күннен кейін елордада көшпенділер ойындары басталады. Айтулы дода 21 спорт түрінен өтеді. Ел намысын 216 спортшы қорғайды. Оның 172-сі ер азамат болса, 44-і нәзік жандылар. Қазір ұлттық құрама жасақталып, тұлпарлар бапталып жатыр. Күні кеше Алматы қаласында дәстүрлі бәйгеден 2-іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Нәтижесінде ел намысын қорғайтын жүйріктер анықталды. Көшпенділер ойындарына іріктеу кезеңдерінде 1-ші, 2-ші, 3-ші орын алған тұлпарлар қатысады. Дүбірлі додада құнан 11, аламан 25, топ бәйге 18 шақырымға созылады. Ал жорғалар 9 шақырымға жарысады.
Рыбакина мен Путинцева Цинциннати турниріне қатысады
Қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева АҚШ-та өтетін Цинциннати турниріне қатысады. Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 25-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандес және рейтингіде 42-орында тұрған қытайлық Юэ Юан жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал Путинцева болса алғашқы айналымда іріктеу сайыстарынан сүрінбей өткендердің бірімен шеберлік байқасады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның 1-ракеткасы Олимпиадаға бір күн қалғанда денсаулығына, ал 2-ракеткасы жарыс күні жарақатына байланысты Париждегі додада ел намысын қорғаудан бас тартқан болатын.
Р. Оразов Дания чемпионатындағы алғашқы голын соқты
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов даниялық «Силькеборг» сапындағы алғашқы голын соқты. Дания чемпионатының төртінші турында аталған команда «Рандерспен» кездесті. Нәтижесінде «Силькеборг» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жерлесіміз негізгі құрамда шығып, 52-минутта гол соқты. Айта кетейік, Рамазан аталған клубқа маусым айында ауысып, 2027 жылдың маусымына дейін келісімшартқа отырды. Ол жаңа клубтағы алғашқы ойынын 6 шілдеде нидерландылық «Утрехтқа» қарсы өткізді.
Әлішер Әли, Болат Абдуллин