Қазақстанда арқан тартыс федерациясы құрылды

Елде арнайы арқан тартыс федерациясы құрылды.

Енді федерация атынан алғашқы рет спортшыларымыз 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік ойындарына қатысады. Арқан тартыс жарысында олар ұлттық ойынның жалауын желбіретуге сақадай сай отыр. Сайыста ел спортшылары жеңіске жетсе, қосымша яғни ынталандыру мақсатында команда құрамына 10 миллион, ал бапкеріне 1 миллион сыйақы беріледі.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арқан тартыс сайысына түсетін ел құрамасы Өскемен қаласында жаттығу жұмыстарын пысықтап жатыр. 20 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Щучинск қаласында дайындықтарын жалғастырады. Дүбірлі додада бақ сынайтын ерлер мен әйелдер командасы бабында, толық іріктеуден өткен. 

Жандос Қонысбаев, Арқан тартыс ойындарын ұйымдастыру алқасының мүшесі:

- Арқан тартыстың әлемдегі деңгейі өте жақсы. Шығыс елдерінде Қытай, АҚШ университеттерінде арқан тартысты көтеріп кеткен. Жолға қойған. Біз мұны ұлттық ойынымыз ретінде бейресми іс-шараларда ғана қолданып жүрсек, мынау кәсіби жолы. Толыққанды жүйелі түрде қолға алынды. Іріктеулер өтті. 

Мамандардың айтуынша спортшылар қоржынға олжа салуға дайын. Арқан тартыс федерациясы күні бүгінге дейін жеті рет жарыс өткізген. Ал 3 рет халықаралық жарысқа қатысып, жеңімпаз атанған. 

Расул Тіленов, ҚР Арқан тартыс федерациясының бас директоры:

- Дайындық сапалы түрде өту мақсатында федерация барлық спортшылардың керекті құрал жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен, дәрумендермен қамтамасыз етті. Бұйырса, жеңіске жету үшін барлық жұмыстар атқарылып жатыр. 

Федерация арқан тартыстан ерлер және әйелдер командасы жеңімпаз болады деп болжап отыр. Егер құрама команда жеңіске жеткен жағдайда жүлдеден бөлек оларды ынталандыру мақсатында 1 орынға 10 млн, 2 орынға 8 млн, 3 орынға 5 млн теңге беріледі. Бапкерлері де құр алақан қалмайды дейді. 

Жандос Қонысбаев, арқан тартыс ойындарын ұйымдастыру алқасының мүшесі:

- Осы уақытқа дейін жасалған жұмыстың нәтижесін көшпенділер ойынында көрсетеді деп ойлаймын. Бірден бір алтын беретін спорт түрі осы деп ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені команданың бабы да бұған дейін іс-шараларда қатысып жүрген командалар бар. Сол командалардың бәрінің басын жинап, орталықтандырып, қазір енді сақадай сай дайын тұр.

13 қыркүйекке белгіленген арқан тарыс сайысының ережесі бойынша 1 командада 8 негізгі және 2 алмастырушы спортшы болады. Ерлер арасында олардың жалпы салмағы 720, ал әйелдерде 560 келіден аспауы қажет. Айта кету керек, әлемнің 75 елінде осы арқан тартыс ойыны ресми спорт ретінде тіркелген.

Асантемір Қаршығаұлы, Руслан Әлиев