Балуандар көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
Көшпенділер ойындарының басталуына 20 күннен аса уақыт қалды.
Байрақты бәсекеде 21 спорт түрінен 97 медаль сарапқа түседі. Түбі бір түркі елдері дүбірлі додаға тыңғылықты дайындалып жатыр. Мәселен кураштан өзбек, көрәштен қырғыз, ашыртмалы аба гюрешінен түріктер басқаларға есе жібере қоймасы анық. Ал төл өнеріміз қазақ күресіне біздің балуандарымыздың дайындығы қалай?
Қазақ күресінен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың есімі белгілі болды. Ақмола облысындағы Щучинск қаласында қорытынды белдесулер өтіп, әр салмақтың үздігі анықталды. Нәтижесінде 16 балуан байрақты бәсекеге жолдама алды. Өз салмағында үздік атанғандардың арасында әлем, азия чемпиондары сондай-ақ Түркияда өткен 4-дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы бар.
Зарина Сарипова, IV дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:
- Мен осы 5-көшпенділер ойындарына Қазақстан чемпионатында 1-і орын алып жолдама алдым. Енді автоматты түрде өттім. Дайындық жыл басталғаннан бері бірнеше оқу жаттығу жиындары өтті. Әлі де жалғасып келе жатыр.
Иә, жыл басынан бері ұлттық құрама спортшылары 4 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Атап айтқанда, балуандар Алматы қаласында және Грузия, Қырғызстан елдерінде дайындықтарын пысықтады. Ал қазір құрама тау бөктерінде шеберліктерін шыңдауда.
Ғани Келдіқұлов, қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:
- Шучинскіде 5-оқу жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Осы жерде нақты құрамды анықтадық. Жалпы спортшыларымыз орта тау бөктерінде дене дайындықтарын өткізді. Физикалық тұрғыдан, тәжірибелік тұрғыдан дайын.
Қазақ күресінен байрақты бәсеке 9-10 қыркүйек күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Билет құны 2500 теңге мен 7500 теңге аралығында. Сондай-ақ бұл кешенде қырғыздың алышы мен татар халқының белбеу күресі көрәштән жарыстар ұйымдастырылады.
Қарлығаш Рамазанова, "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы" директорының орынбасары:
- Оқу жаттығу жиындары аяқталғаннан кейін спортшылар 1 аптаға үйлеріне жіберіледі. Және 27 тамыз күні барлық спорт түрі Астана қаласын жиналады. 7 қыркүйекке дейін жаттығу жиыны, 8-інен бастап жарыстарға кіріседі. Жалпы командалық 1-орын аламыз деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар 100 ден аса медаль оның ішінде 40 тан астамы алтын медаль болады деген үміттеміз.
Иә, іріктеуден іркілмей өткен балуандарымыздың дайындығы жаман емес. Түрлі жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі спортшылар. Мамандар көшпенділер ойындарында 40 тан аса алтын аламыз деп топшалап отыр. Әрине оның басым бөлігі қоржынға дәл осы төл өнеріміз қазақ күресінен түсері анық.
Әлішер Әли, Ислам Махамбет