Стенд атудан Қазақстан кубогының ІІІ кезеңі өтіп жатыр

Рыбакина жеңіліп қалды.

Париж Олимпиадасы алдында тамағына суық тигізіп, соның салдарынан еліміз атынан сынға түсе алмаған Елена Рыбакина күні кеше АҚШ-тағы WTA 1000 санатындағы турнирге қатысты. Яғни, дәл осы үзілістен кейін қайта кордқа оралып отыр. Десе де Цинциннати қаласындағы байрақты бәсеке қазақстандық теннисші үшін сәтсіз болды. Ол жарысты екінші айналымнан бастаған еді және ә дегеннен канадалық Лейла Фернандеске есе жіберді. Қорытынды есеп: 6:3, 6:7 және 4:6. Матчтың өзі 2 сағат 35 минутқа созылды. Бұл нәтижегі теннис мамандары «сенсациялық жеңіс» деген баға беріп жатыр.

Айта кетейік, дәл осы Лейла Фернандеспен Қазақстанның тағы бір теннисшісі Юлия Путинцева бірге аталмыш жарыстың жұптық сынына қатысып жатыр. Олар бірінші кездесуде жеңіске жетті.

 

«Ордабасы» жарыс жолынан шығып қалды

УЕФА конференциялар лигасында өнер көрсететін шымкенттік клуб екі матчта бірде-бір гол соға алмай, еурокубокпен толық қоштасты. Бұл жолы олар армениялық «Пюник» командасымен кездескен еді. Алматы қаласындағы алғашқы матч 0:1 есебімен аяқталды. Қонақтар сапындағы Юсуф Отубанджо мергендігімен көзге түсті. Ереван қаласындағы қарымта мачта да дәл осы Отубанджо мүмкіндігін сәтті пайдаланып, өз командасына жеңіс сыйлады. Яғни, сырт алаңдағы ойында да 1:0 есебі тіркелді.

Айта кету керек, негізі шымкенттік команда еурокубоктағы жорығын Чемпиондар лигасынан бастаған. Бірақ екі матчта да Молдованың «Петрокуб» командасына гол соға алмай, жарыстан шығып қалды. Одан кейін Конференция лигасында Люксембургтің «Дифферданж» командасын пенальти сериясынан әзер жеңді. Бірақ артынша дәл осы «Пюник» командасынан ұтылып отыр. Амал жоқ, Александр Седнев баптайтын жігіттер енді тек Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетеді. Айтпақшы, дәл осы ойыннын кейін «Ордабасының» бас бапкері өз ерімен қызметінен кететінін мәлімдеді.

 

Данияр Елеусінов кәсіпқой рингке оралады

Данияр Елеусінов алдағы айда шаршы алаңға шығады. Кәсіпқой боксшымыз кезекті жекпе-жегін Алматы қаласында өткізеді. Ол соңғы рет былтыр желтоқсан айында Астанада Халықаралық бокс федерациясы ұйымдастырған «Чемпиондар түні» турнирінде сынға түсіп, оңтүстікафрикалық спортшыны жеңген болатын. Алайда бұл нәтиже оның жеке есебіне енген жоқ. Өйткені «Чемпионедар түні» жартылай кәсіпқой форматта өтеді.

Жалпы алғанда жерлесіміз бүгінге дейін кәсіпқой рингте 11 кездесу өтізіп, 11-інде де жеңіске жетті. 12-ші жекпе-жегі 28 қыркүйек күні болады. Алматы қаласындағы бокс кешін өзінің менеджері Зия Алиев ұйымдастырып жатыр. Өткен жылы осы Данияр мен Зия арасында дау туындап, тіпті ол сотқа дейін жетіп, ақыры тараптар бейбіт келісімге келген еді және жұмысты бірге жалғастыратын болып шешті. Алматыдағы бокс кешіне Елеусіновпен бірге Жанқош Тұраров та сынға түсетіні жарияланып жатыр. Бірақ әзірге олардың қарсыластары туралы ешқандай мәлімет жоқ.

 

Стенд атудан Қазақстан кубогы

Ел үздіктері елордаға жиналды. Бұнда стенд атудан Қазақстан кубогының кезекті, яғни үшінші кезеңі өтіп жатыр. Ішкі біріншілікке дәл осы спорттық бағыт жақсы дамыған  Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сонымен қатар Алматы, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарынан 100-ден астам спортшы қатысып жатыр. Оның ішінде Азия ойындары, Азия чемпионаттары, бұған қоса халықаралық спорттық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Байрақты бәсеке 6 күнге созылады және оның нәтижесінде спортшылардың рейтингі анықталып, алдағы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындық жоспарлары құрылмақ. Елорда іргесінде ату алаңында дәл осы республикалық бәсекеге параллель Астана қаласының ашық чемпионаты да өтіп жатыр. Жарыстың жалпы қорытындысы алдағы аптада белгілі болады.

Сергей Колос, ұлттық құраманың бас бапкері:

- Олимпиада ойындары аяқталды. Десе де алда әлемдік және құрлықтық жарыстар бар. Сондықтан дайындықты тоқтатпаймыз. Бұнда, әрине, Париж төрінде өнер көрсеткен ұлттық құраманың үздіктері келе алмады. Олар сәл тынығады. Есесіне жастар және жасөспірімдер арасындағы небір мықтылар бар. Яғни, олар үшін өздерінің қарым-қабілетін көрсетіп, рейтингтегі орнын жоғарылатуға жақсы мүмкіндік.