Көшпенділер ойындары: Қазақ елі аламанға 40 ат қосады

Талхиз ба? Қарақыз ба? Көшпенділер ойындары алдында бәйге жанкүйерлері өз жорамалдарын айтып, тақым қысып отыр.

Бірі күзге салым өтетін дүбірлі додада қырғыздың жүйрігі аламанның алды болады десе, екіншісі Талхиз ел үмітін ақтайды дейді.

Иә, әлем көз тіккен байрақты бәсекеде ұшқыр бәйгенің 3, ал дәстүрлі бәйгенің 4 түрі бар. Сөйтіп аламанға дайындық қалай?

Дәстүрлі бәйгеден Көшпенділер ойындарында ел намысын 40 ат қорғайды. Қазір іріктеу бәйгелерінің нәтижесінде тек 24 тұлпар тізімделді. Ал қалған жүйріктер осыған дейінгі шапқан көрсеткіштері арқылы анықталады. Маңғыстаулық атсейіс Әлеке Досқуатұлының баптауындағы Ғасыр – дүбірлі додаға жолдама алғандардың бірі. Ол Павлодарда өткен іріктеуде алдына қара салмай, топ бәйгенің жеңімпазы атанды. Енді бапкер осы нәтижені байрақты бәсекеде қайталауға ден қойып отыр.

Әлеке Досқуатұлы, атбегі:

- Құнан бәйгеде 5-ші орын алдық. Топ бәйгеден Фархат бауырымыздың аты Ғасыр бірінші келіп жатыр. Әрине, ол – үлкен жауапкершілік. Фархат ініміз көктемде 2-ші орын алған. Бүгін, міне, бағы жанып, 1-ші орын алып тұр. Әрине, көшпенділерді ұтуға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүкіл қазақ елінің атынан қосуға дайынбыз.

Айтулы бәсекеде құнан 11, топ 18, аламан бәйге 25 шақырымға созылады. Ал жорғалар 9 шақырымға жарысады. Қазір қазақ атбегілер ғана емес, көрші елдер де дәстүрлі бәйгеге тыңғылықты дайындалып жатыр. Айта кетейік, шетелдік командалар бәйгенің әр түріне тек 3 тұлпардан қоса алады. 

Жомарт Сайболатов, «Бәйге федерациясы» РҚБ вице-президенті:

- Қазір біздің федерацияға 10 шақты шетелдік федерациялар өтініш беріп отыр. Оның ішінде моңғол, қырғыз, өзбек, тәжік бауырларымыз, Әзербайжан, Ресей Федерациясы қатысайықшы деп өтініш білдіріп жатыр.

Иә, мұхит асқан елдердің Астанаға ат алып келе алмайтыны анық. Алайда аламанға ат қосам десе әр қазақтың қорасындағы жараулы атты жалға алуына болады. Тек өз елінің баласын мінгізуі керек. Дегенмен жүйріктерінің кекілін түйіп, елордаға елеңдеп отырғандар да бар. Солардың бірі – көршілес қырғыздар. Олар дүбірлі додаға атышулы Қарақызды баптап отыр.

Сәкен Сейтхан, журналист:

- Негізгі бәсеке осы қазақ пен қырғыз арасында болады. Енді Қырғызстаннан Береке деген жүйрік келе жатыр, көк тұлпар. Былтырдан бері бәйге алаңында. Өте жақсы шауып жүр. Екіншісі – Қарақыз. Қарақыз – енді қазақ-қырғызға мәлім тұлпар. Қарақыз бір рет екінші болған Талхиздан қалып қалған құнанында. Одан кейін Қарақыз екінші болып көрмеді.

Иә, қазақ ішінде Қарақызды білмейтін атбегі кем. Соңғы жылдары 9 рет бәйге шауып, сегізінде алдына ат салдырмаған. Тек біздің Талхиз ғана Қырғыз тұлпарын қапы қалдырды. Иә, жергілікті жүйрік биылғы маусымда әлі бәйге көрмеді. Тек былтырғы жетістіктері үшін жолдамаға ие болды. Алайда баптаулы тұрған Талхиз биылғы бірінші бәйгесінде Қарақызды екінші рет шаң қаптырады деген үміттеміз.

Авторлары: Әлішер Әли, Өрден Жарқын.