Көшпенділер ойындары: көкпар ма, көкбөрі ме?
Көкпар ма, көкбөрі ме? Елде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрігін қыздыратын, көрермені көп спорт – ол, әрине, ат үстіндегі дода.
Қазір көкпарға айырқалпақты ағайын тыңғылықты дайындалып жатыр. Қазандыққа ойнап жүрген жігіттерге шеңбер сөз емес. Ал біздің спортшыларымыздың байрақты бәсекеге дайындығы қалай?
Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсеке 21 спорт түрінен өтеді. Оның ішінде көкпар да, көкбөрі де бар. Қазақстандық шабандоздар 2 додаға да ерекше дайындалып жатыр. Екеуінің аса айырмашылығы жоқ, түбі бір. Тек серкені тақымға басқан жігіттер көкбөріде қазандыққа, ал көкпарда жерге сызылған шеңберге ойнайды.
Наурызбай Қалтаев, көкпардан ұлттық құрама мүшесі:
- V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындығымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Екі спорттың айырмашылығы тайм санында: көкбөріде үш тайм ойналады, ал көкпарда – екеу. Көкбөріде қазандыққа, ал көкпар жерге сызылған шеңберде ойналады.
Иә, көкпардың жайы белгілі. Бұған дейінгі Көшпенділер ойындарында аталған спорт түрінен финалда қырғыздарды жеңіп, тұғырдың алғашқы сатысынан көріндік. Одан қалса жыл сайын елде ірілі-ұсақты жарыстар өтіп тұрады. Ал көкбөрі ше? Ұлттық құрама бапкерінің айтуынша, елде бұл спортпен айналысатын шабандоздар жоқтың қасы.
Ақылбай Манкеев, көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Көкпар енді қазақтың қанында бар спорт болғандықтан, одан қорқып тұрғанымыз жоқ, сөздің ашығы. Енді көкбөріден кішкене уайымымыз бар. Уайымымыз 50/50 болып тұр, әңгіменің ашығы. Көкбөріні Қазақстанда ойнамағанымызға 6-7 жылдың төңірегі болып қалған. Оны ойнайтын балаларымыз да жоқ. Көкбөріні ойнап беруге жасы өтіп кеткен 2-3 спортшымызды шақырып жатқан жайымыз бар.
Ұлттық спорттың басты бәсекесінде ұтылып қаламыз ба деген уайым бас бапкерде ғана емес, қалың жанкүйерде де бар. Алайда атбегілік өнерді зерттеуші Сәкен Сейітхан: «Біздің жігіттердің жеңіске деген мүмкіндігі мол», – дейді.
Сәкен Сейітхан, журналист:
- Негізі көкпардан да, көкбөріден де ұтатын біздің жігіттердің мүмкіндігі бар. Біздің жігіттер қарулы, шебер деп айтсақ болады. Енді аттар жағынан кінәрат болмаса, көкбөріден де жеңіп қалуымыз мүмкін. Енді былайша айтқанда, көкпардан итшығыс болып келе жатыр. Нақты кімнің мықты екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Енді осы Көшпенділер ойыны екіге жарылған пікірдің нүктесін қояды деген ойдамын.
Палуанға оң ба, сол ма – бәрібір. Иә, көкбөрі қазақ шабандоздарына жат емес. Осыдан бірнеше жылдар бұрын біздің жігіттер де қазандықта өнер көрсетіп, айырқалпақты ағайынды жүлдесіз қалдырған. Сондай-ақ жыл басынан бері оқу жаттығу жиындарында көкбөріге тыңғылықты дайындалып жатыр. Елдің намысы сынға түсетін байрақты бәсекеде қазақ шабандоздары көкпар мен көкбөріден де ел үмітін ақтайды деген сенімдеміз.
Авторлары: Әлішер Әли, Өрден Жарқын.