Қ. Сәтжанов: Қазақ боксында біраз проблема бар

Бокс федерациясы бас бапкерді ауыстырды.

Ал таеквондо федерациясының басшылығы түгелдей өз еркімен қызметінен кетті. Париж Олимпидасынан кейін ел үмітін ақтамаған спорттық бағыттарда ауыс-түйіс болып жатыр.

Қ. Сәтжанов: Қазақ боксында біраз проблема бар

«Қазақстан боксында бірқатар проблема бар». Бокстан ұлттық құраманың жаңа бапкері Қайрат Сәтжанов осындай мәлімдеме жасады. Ол қызметіне кіріскен бойда бұрынғы жаттықтырушылар жұмысын қатаң сынға алды. «Мәселенің бәрін Париж Олимпиадасынан кейін көрдік. Ең бірінші кезекте жаттығу жоспарының дұрыс құрылмауы және командалармен оқу-жаттығу жиындарының өтпеу себебінен пайда болды», – деді Қайрат Сәтжанов. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Ұлттық олимпиадалық комитеттің ресми сайты хабарлайды. «Алға қойған жоспарларымыз өте үлкен. Бірінші кезекте кіші жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамаға бірдей көңіл бөлу. Содан соң Қазақстанда өтетін жарыстардың әділ болуына мән беріп, жаттығу жиындарын бір жүйеге келтіру», – деп сөзін түйді Сәтжанов. Айта кетейік, Париж Олимпиадасынан кейін команданың тізгінін ұстаған Мырзағали Айтжановтың орнына осы Қайрат Сәтжанов келген еді. 

 

С. Бибосынов: Мен боксты тоқтатқаным жоқ

Мен боксты қойғаным жоқ. Ұлттық құрама мүшесі Сәкен Бибосынов арнайы мәлімдеме жасап, командадан кететіні туралы ақпаратты жалған екенін айтты.

Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Қазақстан бокс федерациясы бас бапкер Мырзағали Айтжановты бүкіл бапкерлік штабпен бірге отставкаға жіберген еді. Ал Мырзағали Айтжанов – Сәкен Бибосыновтың жеке бапкері. Осы тұрғыда әлеуметтік желіде жаттықтырушымен бірге Сәкен де кетеді деген ақпарат тарады. «Елімізде неше түрлі адамдар бар. Аудитория жинау үшін не істемейді?! Мынау сөз – жалған ақпарат. Мен боксты қойғаным жоқ», – деп жазды Сәкен өзінің жеке парақшасына.

Айта кетейік, Сәкен Токио Олимпидасының қола жүлдегері. Бұған қоса Белградтағы әлем чемпионатында алтын, ал Екатеринбургтегі әлем чемпионатында қола жеңіп алған еді. Ал Париж Олимпиадасында Сәкен Бибосынов ширек финалда өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовпен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалды.

 

Федерация басшылығы қызметінен кетті

Париж Олимпиадасынан кейін таеквондо федерациясының басшылығы да қызметінен кетті. Атап айтқанда, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким өз орнын босатты. Бұған қоса оның орынбасарлары Қанат Сағынаев, Шадияр Кондыбаев, Арман Шілманов және бас хатшы Олжас Бесбаев та жұмыстарын тоқтатады, делінген Olympic.kz. порталы таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында қазақстандық таеквондошылар жүлдеге қол жеткізе алған жоқ. Ел намысын қос спортшы қорғады. Атап айтқанда, 80 келіге дейінгілер арасында Батырхан Төлеуғали және 58 келіге дейінгілер арасында Сомирхон Абабакиров сынға түскен еді. Бірақ олар алғашқы айналымдардан ары аса алмады.

  

Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан кубогы

Ел үздіктері анықталды. Талдықорған қаласында көше баскетболынан, яғни үш те үш форматындағы баскетболдан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы жазғы Қазақстан кубогы өтті. 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгілер арасындағы бәсекеге бас-аяғы 65 команда жиналды. Яғни 300-ден аса қатысушы бірнеше күн бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде кіші жасөспірімдер арасында алматылық «Томирис» жеңімпаз атанса, ұлдар арасында Түркістан облысының командасы топ жарды. Басқа жас деңгейлерінде Жетісу, Қостанай және тағы да Алматы мен Түркістан облыстарының өркендері жеңімпаз болды. Ішкі біріншілік барысында ерекше қарым-қабілетімен көзге түсіп, ең көп ұпай жинаған ойыншыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Иван Гайна, баскетболдан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:

- Бұл жарысты жыл сайын тамыз айында ұйымдастырамыз. Басты мақсатымыз – баскетболды өңірлерде кеңінен насихаттап, жергілікті ұл-қыздарды осы командалық спорт түріне тарту. Бұған қоса ішкі біріншілік аясында ұлттық жасөспірімдер және жастар құрамаларына үміткерлерді қарастырамыз. Яғни үздік балалар алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.