Бокстан ұлттық құраманың жаңа бас бапкеріне қандай талаптар қойылды?
Ильхан Достиев «Румыния турында» жеңіске жетті, деп хабарлайды 24kz.
Қазақстандық спортшы Кәрі құрлықтың таулы-қыратты аумақтарымен өтетін велокөпкүндікке қатысқан болатын. Нәтижесінде Astana Qazaqstan Development командасының өкілі ең үздік нәтижені тіркеді. Отандық спортқа қатысты өзге жаңалықтармен алдағы топтамадан таныса аласыз.
Командада жеке шәкірті болмауы керек. Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков ұлттық құраманың жаңа бас бапкеріне қойылған негізгі талаптарды атады.
«Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша жаттықтырушыны ауыстырғанымызды білесіздер. Оған қойылған негізгі талаптардың бірі – командада жеке шәкіртінің болмауы. Сондай-ақ шетелдік мамандармен жұмыс істеп, жасөспірім және жастар құрамаларына бірдей көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз», - деді Ділдәбеков Olympic.kz порталына берген сұхбатында. Бұған қоса, ол Қайрат Сәтжановтың алдағы Олимпиадалық циклге ұсынған жоспарын талқылағанын және ол көңілдерінен шыққанын алға тартты.
Айта кетейік, Франциядағы Олимпиада ойындарынан кейін Мырзағали Айтжановтың орнына Қайрат Сәтжанов тағайындалған болатын.
Иорданияда күрестен қос қазақ баласы финалға шықты
Қос қазақ баласы финалға шықты. Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күндері классиктер бәсекесі болды және 2 бірдей ұлттық құрама өкілі алтынға таласуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, 55 келі салмақ дәрежесінде Алпамыс Болатұлы барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ол жартылай финалда армениялық Юрик Мхитарянды жеңді. Қорытынды есеп: 13:8. Ал финалда америкалық Джейдон Рэйнимен жолығады. Сонымен қатар 80 келіге дейінгілер арасында тағы бір қазақстандық Еркебұлан Анапия да финалда белдеседі. Ол жартылай финалда Әзербайжан балуанын 8:6 есебімен ұтты. Енді шешуші сында бейтарап тудың астында өнер көрсетіп жатқан Михаил Шкаринмен кездесуі керек.
УЕФА ұлттар лигасына дайындық
36 ойыншы шақырту алды. Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов алдағы матчтарға дайындықты бастады. Ол әзірге арнайы тізім құрып, 36 бірдей футболшыны жаттығу жиынына шақырды. Әзірлік жұмыстары 1 қыркүйекте басталады. Соның нәтижесінде негізгі құрам мен қосалқы құрамға кімдердің енетіні белгілі болады. ҚФФ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Максим Самородов пен Сағадат Тұрсынбай жарақат алған. Олар қыркүйек айында құрама сапына қосыла ма, жоқ па – әзірге белгісіз.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 6 қыркүйекте өз алаңында Норвегия командасын қабылдаса, 9 қыркүйекте Словенияға қонаққа барады. Станислав Черчесов шәкірттері B лигасының үшінші тобында өнер көрсетеді. Топта осы үш командадан бөлек Австрия жігіттері де бар.
Бокс: Нұрсұлтанов пен Адамес кездесе ме?
Мейірім Нұрсұлтанов пен Карлос Адамес кездесуі керек. Бұндай пікірді америкалық журналист Джек Маккаферри білдірді. Ол Vesti.kz порталына берген сұхбатында аталмыш жекпе-жектің маңыздылығына тоқталды. Айта кетейік, доминикандық Карлос Адамес - WBC тұжырымы бойынша қазіргі әлем чемпионы. Одан кейін рейтингте британиялық Хамза Шираз бен қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов тұр. «Осы тұрғыда Нұрсұлтанов пен Адамес чемпиондық атақты сарапқа салуы қажет. Өйткені қазақстандық боксшы осы белдікке міндетті үміткер саналады. Бұған қоса, Жәнібек Әлімханұлы денсаулығына байланысты әзірге шаршы алаңға оралмайтыны белгілі. Ал Эрисланди Лараның жоспары, тіптен түсініксіз. Енді тек WBC чемпионы Мейірім Нұрсұлтановпен кездесіп, өз атағын қорғауы ғана қалды», - дейді Маккаферри.
Айта кетейік, қазақстандық былғары қолғап шебері былтыр қараша айында чилилік Халио Аламосты жеңіп, WBC чемпиондық атағына міндетті үміткер атанған болатын. Ал Адамес белдікті биыл ғана иемденді және бір рет сәтті қорғап үлгерді.