Елімізде атқұмар жастар көбейді
Қазір ауыл тұрмақ, қала іргесінде салт аттыларды жиі көруге болады.
Жастар жұмыстан бос уақытын табиғат аясында өткізіп, желмен жарысқанды жөн көреді.
Бұл – Астанадағы ең үлкен ат клубтарының бірі. Мұнда көбінесе жастар демалуға және де серуендеуге келеді.
Қоғамның өмір салты өзгерсе де, көшпенділер дәстүрі үзілген жоқ. Кейінгі 3 жыл ішінде Астанадағы ат клубтарының қатары 34-ке жетті. Өйткені сұраныс бар. Кәсіпкерлер: «Адам қарасы үзілмейді», – дейді.
Сауалнама:
- Иә, мен шабуды үйренгім келеді, қазір енді қатты шабамын деп айта алмаймын, бірақ сөйтіп үйреніп жүрмін.
- Алғаш рет емес, 2 аптада 1 рет келіп тұрамын. Жалпы табиғат ұнайды, білмеймін, атта шапқаннан басқа бір күйде боласың, бүкіл жұмысыңды ұмытып.
Елге қызық керек. Ал ат ұстаушыларға жауапкершілік көп. Өйткені бұрын жылқы малына жолап көрмегендер де келеді. Атқа шауып жүргендерінің өзін қадағалап отыру – міндет. Одан қалды жануарлардың күтімі де оңай шаруа емес.
Мадияр Тойжігіт, атбегі:
- Бұл жылқы деген өте нәзік жанды жануар болып есептеледі. Тамақ жағынан өте көп дәрумендер беріледі. Бір жылқының өзіне бір айға, мысалы, 150 мың теңгедей қаражат кетеді, бір бас жылқының өзіне. Тамағы бәрі уақытында берілу керек, уақытылы жем жеу керек, уақытылы суын ішу керек. Соншама қашықтыққа шабу үшінде қаншама күш керек.
Жылқы мен қазақтың жаны бір. Астананың іргесінде ат клубтарының көбейгені де осыны аңғартады. Қуанарлығы мұнда келуші жастардың да, ересектердің де қатары жылдан жылға артып келеді.
Қарлығаш Рамазанова, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру комитетінің «Ұлттық және ат спорты түрлері» орталығы директорының орынбасары:
- Соңғы жылдары осы ұлттық, соның ішінде ат спорты түрлеріне қызығатын балалар саны, балалар ғана емес, ересектер саны да артып келе жатыр. Осы ұлттық спортпен елімізде 600-ден астам шұғылданса, соның 300 мыңға жуығы осы ат спортымен айналысатын, соның ішінде бәйге түрлері бар, көкпар, аударыспақ. Жастарымыздың мұндай атқа деген сүйіспеншілігі бүгінгі күні біздің осы жоғары спорт жетістігінде де білініп жатыр. Өйткені елімізде биылғы жылы тұңғыш рет өткізілетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсететін біздің ҚР ұлттық құрама сапында спортшылардың көбі осы жас жеткіншектер деп айтуға болады.
Рухты әуен, жүйткіген тұлпар. Жүйрік ат мініп, желмен жарысқан жастар бейнетүсірілім жасауға да әуес. Сөйтіп серуеннің бұл түрі жаңаша трендке айналған. Ал жастардың өзі: «Атқа шабу сергітіп қана қоймайды, адам бойындағы қорқынышты жеңіп, сенімділікті арттырады», – дейді.
Авторлары: Жансауле Абдулла, Ғалымжан Абдылахат.