Саятшылар Көшпенділер ойындарына сақадай сай
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 17 күн қалды.
Байрақты бәсекеде 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа түседі. Тоғызқұмалақ, овари және мангала зияткерлік ойындарына қатысу үшін әлемнің 50 елінен спортшылар келеді.
Мангаладан ұлттық құрама Көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр
Мангаладан ұлттық құрама спортшылары Көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр. Мангала – түрік халқының зияткерлік-стратегиялық ойыны. Ойын тақтасында екі қатарға бірдей орналасқан 6 отау және ұтып алынған тастарды салатын үлкен қазан болады. Әр ойыншыға ойын барысында 6 отау, бір қазан және төрт-төрттен салынған 24 тас тиесілі беріледі. Спортшылар арнайы ережелер арқылы өз қазанына көп тас ұтып алуға тырысады. 25 немесе одан көп тас ұтқан ойыншы жеңіске жетеді. Егер әр ойыншыда 24 құмалақтан болса, ойын тең аяқталады. Айта кетейік, байрақты бәсекеде мангала спортынан ел намысын 4 спортшы қорғайды.
Саятшылар сақадай сай
Саятшылар Көшпенділер ойындарына сақадай сай. Қазір 9 спортшы Ақмола облысында оқу-жаттығу жиындарында құстарын баптап жүр. Щучинск қаласында басталған дайындық 25 тамызға дейін жалғасады. Одан кейін олар байрақты бәсекеге дейін елордада жаттығады. Ал сайыс қыркүйектің 12-13 аралығында этноауыл аумағында өтеді. Айтулы додада құсбегілер бүркіт, қаршыға және сұңқар атты үш түр бойынша сынға түседі.
Серікбек Күнтуған, құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі:
- Щучинск қаласында Көшпенділер ойындарына дайындық үстіндеміз. Қазір алдағы сайыстағы үш санат бойынша қатысатын үш бүркіт, үш ителгі, үш қаршығаны баптап жатырмыз. Олар жаз бойы түлекте болды. Енді етін тартып, жылдамдыққа дайындаймыз. Ал өзім додаға Алғыр атты бүркітпен қатысамын.
Ибрагим Базарбаев, құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі:
- V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатырмыз. Бар білгенімізді, мүмкіншілігімізді пайдаланамыз. Еуропадан, Моңғолия, Қырғызстаннан мықты қарсыластар келеді. Олар да барын салары анық.
Грэпплингтен жастар мен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты аяқталды
Алматы облысында грэпплингтен жастар мен жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігі аяқталды. Аталған жарысқа барлық өңірлерден 800-ге жуық спортшы қатысты. Олар бұл спорттық сайыста жалпы саны 80 награданы сарапқа салады. Екі күнге созылған республика чемпионатының қорытындысы бойынша Астана қаласының өрендері бірінші орынды жеңіп алды. Алматы облысының балуандары екінші, ал Маңғыстау облысының спортшылары жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Мақсат – мықты спортшыларды анықтап, оларды еліміздің құрама командасына қабылдау. Өйткені алдағы қыркүйек айында Астанада 14-15 жастағы жасөспірімдер арасында грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Оған 40 мемлекеттен спортшы қатысады.
Иван Дычко кәсіпқой бокстағы 14-ші жеңісіне қол жеткізді
Екінші ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Иван Дычко кәсіпқой боктсағы 14-ші жеңісіне қол жеткізді. Жерлесіміз Флорида штатындағы Плант-Ситиде өткен бокс кешінде америкалық Крейг Льюиспен жұдырықтасты. Жекпе-жек тағдыры 2 раундта шешілді. Қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша, Дычко кәсіпқой рингтегі 14-ші жеңісіне жетті, оның 13-ін нокаутпен аяқтады. Ал қарсыласының бұл – 8 жеңілісі.
Айта кетейік, Дычко осыған дейінгі жекпе-жегін былтыр маусым айында Буэнос-Айресте өткізіп, онда ол жергілікті боксшыны екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBA тұжырымы бойынша суперауыр салмақтағы титулды жеңіп алған болатын.
Ю. Путинцева әлемдік рейтингіде бірден 199 сатыға көтерілді
Юлия Путинцева әлемдік рейтингте бірден 199 сатыға жоғары көтерілді. Өткен аптада жұптық сында Цинциннати 1 000 турнирінің финалына дейін жеткен жерлесіміз әлемдік рейтингіде 94-ші орынға көтеріліп, ТОП-100 қатарына кірді. Юлия аталған турнирдің жұптық сынында Лейла Фернандеспен өнер көрсетіп, финалда Эйжа Мухаммад пен Ерин Рутлифф жұбынан ұтылып қалды. Ал жекелей сында 1/8 финалға дейін жетіп, Хиберт Бадосаға есе жіберді. Алайда жарыс қорытындысы бойынша жекелей сында да 34-тен 31-ге көтеріліп, ТОП-30-ға қайта жақындады. Енді отандасымыз АҚШ ашық біріншілігіне дайындалып жатыр.
Блинов кубогы: «Барыс» алғашқы кездесуде жеңілді
Елордалық Барыс Блинов кубогындағы алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды. Ресейдің Омбы қаласында өтіп жатқан шайбалы хоккейден кубоктың алғашқы ойынын «Авангардқа» қарсы өткізді. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда ресейлік клуб жеңіс шайбасын соқты. Осылайша, «Барыс» алғашқы кездесуінде қарсыласына есе жіберді. Енді елордалық клуб бүгін Ресейдің Новосібір командасына қарсы ойнайды. Еске сала кетейік, былтыр «Барыс» Блинов турнирінде жеңімпаз атанған.