Грузин спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына гүржілік спортшылар да әзір, деп хабарлайды 24kz.
Астанада өтетін дүбірлі додаға дайындықты қаңтарда бастап кеткен спортшылар бұл жолы, әсіресе, күрестен жүлделі боламыз ба деп дәмелі. Өйткені грузиндер бағзыдан күреске бейім халық.
Қазақ күресінің Грузиядағы федерациясы 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бұған дейін де талай жарыстарда бақ сынаған. Бүгінде тәжірибесі толысқан мықты командаға айналды. Олар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына осымен 5 рет қатысқалы отыр.
Георгий Читашвили, Грузиядағы қазақ күресі федерациясының президенті:
- Бұл жолы ересектер командасы бара жатыр. Құрамы: 8 қыз бала 8 ер бала. Барлығы да сайысқа сақадай сай. Жолға шығуға дайын.
Грузиндерге қазақша күрес ұнайды. Өйткені оларда да осыған ұқсас чидаоба деп аталатын күрес түрі бар. Жалпы ережесі, айла-тәсілдерді қолдану мен жаттығу әдісі қазақша күреспен бірдей көрінеді. Жалпы гүржілердің тарихында батыр әйелдер де болған. Сондықтан Астанада өтетін дүбірлі додаға грузин қыздары да келе жатыр.
Майя Таруашвили, дзюдодан әлем чемпионы:
- Дзюдомен 2003 жылы айналыса бастадым. 7-8 жыл жаттықтым. Содан соң қазақша күреспен шұғылдандым. Дзюдоға қатты ұқсайды. Өзіме ұнады. Кейін жарысқа қатысып, Еуропада күміс медаль жеңіп алдым. Енді әлем чемпионатына дайындалып жатырмын.
Анано Моргошия, қазақша күрестен Еуропа чемпионы:
- Жасым 19-да, 8 жылдан бері дзюдомен айналысам. Еуропа чемпионымын. Енді көшпенділер ойындарына қатысып бағымды сынап көрмекпін. Көреміз. Медаль алатыныма сенімдімін.
Грузия құрамасы Астанада өтетін көшпенділер ойындарында спорттың күштік түрінен бөлек, интеллектуалдық сайыстарға да қатыспақ. Командаға елдің олмпиадалық комитеті, қазақ-грузин экономикалық бірлестігі және Грузиядағы Қазақстан елшілігі қолдау көрсетіп отыр.
Қазыбек Қасенов, Қазақстанның Грузиядағы консулы:
- Грузия көшпенділер ойындарына қатты қызығушылық танытып отыр. Үлкен делегация барады. 28 спортшы қазақ күресі, асық ату, мас-рестлинг, тоғызқұмалақ секілді жарыстарға қатысады. Ал, күрес Грузиядағы ең танымал спорт түрі саналады.
Бұған дейін өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Грузия этноспорт бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ жүлделі орындарға қол жеткізе алмады. Дегенмен, Астанада өтетін дүбірлі додаға тыңғылықты дайындалды. Олар осы жолы бірнеше медаль аламыз деген үмітте. Ал, Грузиядағы Қазақстан елшілігі қыркүйектің басында Астанаға жол жүретін гүржілік спортшыларды қыбалдауды жоспарлап отыр.