Атыраулық садақшылар көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр

Астанада өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында атыраулық 3 спортшы бақ сынайды, деп хабарлайды 24kz.

Солардың бірі – садақшы Марат Бексұлтанұлы. Бұған дейін талай халықаралық додаларда олжа салған 47 жастағы Марат бүгінде нағыз бабында.

Осыдан 5 жыл бұрын ермек үшін садақты қолға алған спортшы - қазір елдегі ең мықты садақшылардың бірі. Ол ұлттық құраманың сапында өнер көрсетеді. Жебесіне жүлде ілдірген мерген туған топырағына жеңіспен оралатынына сенімді.

Марат көшпенділер ойынына дайындықты жыл басынан қолға алған. Тіпті кешегі тасқын су басып атыраулықтар әбігерге түскенде де спортшы жаттығудан қол үзбегенін айтады. Бұған дейін елімізде және халықаралық сайыстарда топ жарған садақшы өзіне сенімді. Дегенмен, бұл жолғы бәсекенің жөні бөлек. Оның негізгі қарсыластары Венгрия, Индонезия, Түркия, Қырғызстан мен Ресейден келетін сыңайлы. Садақ ату тек білектің күші мен қырағы көзді ғана емес, салқын сабырды қажет етеді. «Сонда ғана нысанаң айқын, жебең діттеген межеден табылады», - дейді сұрмерген.

Марат Бексұлтанұлы, садақшы:

- Біздің дәстүрлі садақ ату бойынша концентрацияның үлесі өте көп. Яғни техникадан бөлек, физикадан бөлек 60-70%-тейі концентрациядан тұрады. Ой жинақтауыңыз дұрыс болмаса, жүректе бір қалыптылық болмаса, ол өнімділігін көрсетпейді.

Тамыз айының аяғында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтындар Астанада бас қосады. Осы дүбірлі додаға Атыраудан 3 спортшы іріктеліп алыныпты. Өз ортасынан үздік шыққан үштікке жерлестерінің артар үміті зор. «Олардың дайындығында да ешқандай кінәрат жоқ», - дейді жергілікті спорт басындағылар.

Нұржауған Төлеуова, облыстық Дене шынықтыруды дамыту, спорт және туризм басқармасы басшысының м.а.:

- Бұл үшеуі де - ҚР чемпионы болып танылған спортшылар. Іріктеуден өтіп, жолдама алып отыр. Бұл спортшыларға қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар көшпенділер ойындарының аясында барлық өңірлерде «Бірлік керуені» шарасы ұйымдастырылып өтеді. Осы «Бірлік керуені» шарасында облыс делегациясы аттанып, Астана қаласына сапар шегеді.

Астанадағы дүбірлі додаға жолдама алған атыраулық өрендердің қатарында қырғыз күресінің шебері Нұржан Сәрсенғалиев пен белгілі құсбегі Арман Қошқаров бар. Арман баптаған «Нарын» атты қыран 2015-2018 жылдары талай «Салбурындарда» иесінің абыройын асқақтатқан болатын.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Нурсая Эльбрусова, Амантай Матенов