Астанада Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы жұмыс істейді

Енді санаулы күндерден соң Париж төрінде жазғы Паралимпиада ойындары басталады, деп хабарлайды 24KZ.

Ел атынан 44 спортшымыз қатысады. Жалпы Паралимпиада спортына қолдау бар. Соның бірі – Астанадағы Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы.

Бұл орталық үміт үзбеген жандарға жаңа өмір сыйлайды. Тағдыр қиындығына ұшыраған Виктор Иванов үшін бұл жер жанына жігер, жүрегіне жалын дарытатын орынға айналған. «8 жыл бұрынғы қайғылы оқиғадан соң спорттың арқасында жаныма қанат бітіп, өмірге қайта оралғандай болдым», – дейді.

Виктор Иванов, спортшы:

- Мұнда шеберлігімді шыңдап, жаңа жетістіктерді бағындыру үшін келемін. Мен сияқты өмірлік қиындыққа ұшыраған адамдардың арасында салы суға кетіп, сағы сынып жататындар бар. Бірақ мен тағдырға мойымадым. Арманым – Олимпиадаға қатысып, жеңімпаз болу.

Виктор сияқты өмірдің қиындығын еңсере білген жандарға мұнда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Арнайы кинезис тренажерлері түрлі жарақат алған немесе ауырған адамның тез сауығуына, күш-қуатының нығаюына көмектеседі.

Азат Утельдинов, нұсқаушы:

- Мүмкіндігі шектеулі адамдар айналысады. Жол-көлік оқиғасы, инсульттен кейін. Инсульттің 3-4 функциясы бар. Үстінен, алдынан және астынан тартылады. Баста тренажерлерде салмақ ауыр, ал мында жеңіл.

Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында үстел теннисімен айналысушылар көп. Спорттың бұл түрінен отандастарымыз жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Тимур Мұқанов, үстел теннисінен бапкер:

- Үстел теннисі Қазақстанда жақсы дамып жатыр. Біздің отандасымыз Алим Ақылбеков Парижге Паралимпиадаға баратын болды. Біздің орталыққа күн сайын 40-60 адам келіп жатыр.

Астанадағы Паралимпиадалық жаттықтыру орталығының ТМД елдері мен Орталық Азияда баламасы жоқ. Кешен мамандары 2018 жылдан бері  паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамамызды әлемдік жарыстаға дайындап келеді.

Кез келген жарыс алдында спортшының физикалық жағдайына үлкен беріледі. Дәрігердің тексеруінен бөлек, әлемде қазір жаңа технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Мәселен, бұл трек бам деп аталатын қондырғыда адамға түрлі датчиктер жалғанып, оның тыныс алуы, қан қысымы, алдағы жарысқа дайындығы анықталады. Мамандардың айтуынша, мұндай қондырғы тек 3 елде – АҚШ-та, Қытай және Қазақстанда ғана бар.

Бұл қондырғының ерекшелігі түрлі жарыс жолдарын қайталай алуында. Яғни, шаңғы немесе вело жолдарын сканерлеп, жарысқа алдын ала дайындық жүргізуге болады.

Марғұлан Қияқов, «Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы» ҚҚ басқарушы менеджері:

- Мұның мақсаты – спортшыларға қан қысымы, тыныс алуы, дұрыс қимылдауы деректерін компютерге түсіру. Дәрігер сол компьютерден деректерді алып, жаттықтырушыға көрсетеді. Споршы жарысқа дайын ба, дайын емес пе, қандай деңгейде екенін. Барлық мәліметті бере алады.

Орталықтың мақсаты – тек кәсіби пара спортшыларды дайындау ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету. Оларды спортпен шұғылдануға ынталандырып, қоғамға бейімдеу. Қазір мұнда күн сайын 200-ден астам адам спортпен айналысуға келеді.

Абдусаид Назаров, «Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы» ҚҚ атқарушы директоры:

- Біздің орталығымызға спортпен шұғылдануға келген адамдар уақыт өте келе жақсы нәтижелерге жетіп, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Бір ғана мысал, Париждегі Паралимпиадада еліміздің туын ұстап шығатын Севда Алиева осы орталықта 2019 жылдан бастап жаттығады. Осындай жоғары деңгейлі жарыста Қазақстанның көк туын біздің спортшымыздың көтеруі – біз үшін де үлкен мақтаныш.

Орталық мамандары пара спортшыларымыздың Париж төрінде жоғары нәтиже көрсететінгдігіне сенімді. Айталық, 2024 жылғы жазғы Паралимпиада ойындарына 44 қазақстандық спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен 33 лицензия алған болатын. Жалпы 1996 жылдан бүгінге дейін қазақстандықтар жазғы Паралимпиада ойындарында 7 медаль жеңіп алды.

Авторлары: Қуандық Танабас, Ырыстанбек Оспанов.