Астанадағы көшпенділер ойындарына 180 қырғыз спортшысы келеді

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – Орталық Азия елдері өркениетінің мұрасы. Қырғызстанның белгілі қоғам қайраткерлері осындай пікірде. Сондықтан көрші ел Астанада өтетін этноспорттық іс-шараны тағатсыздана күтуде, деп хабарлайды 24kz.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бүгінде әлемге әйгілі бренд. Оны қатысушылардың географиялық жағынан кеңеюінен-ақ байқауға болады. 2016 жылы Қырғызстанда алғаш өткен байрақты бәсекеге 19 елдің спортшылары қатысса, Астанадағы жарысқа 85 мемлекеттің өкілдері келеді. Екі мыңнан аса спортшы өзара мықтыны анықтайды. Осы ретте қырғыз елінің қоғам қайраткерлері көшпенділер ойындары көшпелі дала салтын ұлықтайтын өте тартымды тренд екенін айтады.

Асхат Ақибаев, Дүниежүзілік этноойындар конфедерациясының президенті:

- Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанға жақсы серпін береді деп ойлаймын. Сіздің ел қазір көшпенділер тақырыбын жақсы дамытып жатыр. Мысалы Nomad Visa, Nomad Stunts деген клубтар, Tengri Music секілді фестивальдер бар.

Көшпенділер ойыны алғаш рет ұйымдастырылғанда мәдени бағдарламаға 1200 адам қатысқан болатын. Сол кезде мың қобызшы Маш ботойдың туындысын орындап, Гиннесс рекордтар кітабына енген еді. Оны 40 елден 200 миллионнан аса адам тамашалады. «Астанада өткелі жатқан дүбірлі доданың ауқымы бұдан да кең болары сөзсіз. Себебі жоғары деңгейдегі іс-шара ұйымдастыруда Қазақстанның тәжірибесі мол», - дейді Қырғызстан үкіметінің өкілдері.

Самат Тоқтоналиев, ҚР Дене шынықтыру және спорт департаменті директорының орынбасары:

- Астанада өтетін байрақты бәсеке – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дамуының келесі кезеңі дер едім. Менің ойымша, бұл ойындарда қазақ халқының рухына тән дүниелерді көреміз. Және ол осы ойындардың ажырамас бөлігіне айналатынына сенемін.

Көшпенділер ойынына Қырғызстаннан 282 адамнан құралған делегация қатысады. Оның 180-і спортшы, 40-ы жаттықтырушы. Тағы 15 адам федерациялардың өкілдері. Қатысушылардың негізгі тобынан бөлек, Астанаға сондай-ақ атбегілер де барады. Себебі қырғыз спортшылары қазақстандық ережемен өтетін көкпар мен кок-бору спорты бойынша бақ сынайды.

Авторы: Бакыт Чермашев