Астанада тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» турнирі өтті
«Абай жүлдесі» республикалық турнирінің өңірлердегі кезеңінде топ жарған 80 тоғызқұмалақшы Астанадағы финалдық бәсекеде кездесті, деп хабарлайды 24KZ.
Қатысушылар қатарында мәслихат депутаттары, ақпарат құралдары өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер бар. Турнирге Парламент Сенаты мен Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясы ұйытқы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты – көшпелілердің көнеден келе жатқан зияткерлік ойынын дәріптеу. Сондай-ақ сайыс Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатында өткізілді. Іс-шараға арнайы барып, қатысушыларға сәттілік тілеген Сенат депутаты Геннадий Шиповских палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ары қарай осындай қазақи, ұлттық, салт-дәстүрлік ойындар мәдени мұрамыздың нағыз коды болып табылады. Сол мәдени мұра, кодтың әрі қарай дамуы, біздің еліміздің болашағымызға, одан сайын жарқын болашаққа нық қадам жасап, сонымен қатар артымыздан, ежелден келе жатқан мұраны ұмытпау деген қағидатты ойланып отырмыз.