Қостанай облысында 4 спорт кешені ашылды

Қостанай облысында биылғы жарты жылдың ішінде 4 денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Соның бірі Меңдіқара ауданының Боровской кентінде ашылды. Жергілікті жастар үшін бұл – көптен күткен қуаныш. Енді жаңа спорт кешенінде 300 адам қалаған спорт түрімен айналыса алады.

Ресми мәлімет бойынша Меңдіқара ауданы тұрғындардың 65% тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Әсіресе мұнда бокс, дзюдо, футбол, волейбол сияқты ойын түрлері жақсы дамыған. Алайда жаттығу залының тарлығы секцияға қабылдайтын бала санын шектеуге мәжбүр ететін. Жаңа кешеннің ашылуымен бұл мәселе толық шешілді десе болады. 

Нұржан Шегенов, бапкер:

- Алдыңғы жылдары біз Шотаев мектебінде айналыстық. Ол кіші зал болып есептеледі. Негізі ол зал боксқа арналған жоқ. Бізде ешқандай құрал-жабдық болған жоқ. Ештеңе болған жоқ. Енді биыл спорт кешеніне кірдік. Бізде бала көбейді кішкене. Алдыңғы жылдар бізде 30 бала болса, осы жыл 50-ге дейін болады.

Меңдіқарада боксқа бейіл балалар көп. Солардың арасында шаршы алаңда жаттығу жасап, жұдырықтасып жүрген талдырмаш қыз бала көзімізге түсті. Есімі Томирис, 10-сынып оқушысы екен. Қимыл-қозғалысынан, қол сілтесінен боксқа біраз төселіп қалғаны байқалады. Жас қыздың басты арманы – Олимп шыңын бағындыру.

Томирис Амангелді, боксшы:

- Назым Қызайбай сияқты әлем чемпионы болып, Олимпиада да жүлде алсам деймін. Сол мақсатыма жету үшін аянбай тер төгіп, бар күш-жігерімді саламын.

Мұнда қысы-жазы тұрақты түрде спортпен айналысуға барынша жағдай жасалған. Шешініп, киінетін, жуынып, демалатын бөлмелері толық жабдықталған. Осы спорт кешенін салуға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 411 млн теңге қаржы бөлінді. Дәл осындай спорт ғимараты Харьков ауылында биыл бой көтерді. Одан бөлек, ауданда екі жабық хоккей кортын салу жоспарланып отыр.

Тасмұхаммед Тасбаев, Меңдіқара аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

- Қазіргі кезде Харьков ауылында хоккей корты салынып жатыр. Келесі жылда осы Боровской ауылында осы спорт кешенінің қасында тағы да бір жабық хоккей корты салынады.

Айта кетелік, биыл облыста 8 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу межеленген. Соның жетеуі ауылды жерлерде бой көтереді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.