Шахматтан халықаралық турнирде Б.Асаубаева екінші орынға ие болды

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Грузияда өткен шахматтан әйелдер арасындағы халықаралық турнирдің бірінші маусымында үздік үштікке енді, деп хабарлайды 24kz.

Дәлірек айтқанда, жерлесіміз жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Грузияда Гран-при күміс жүлдегер атанды. Тбилисиде өткен турнирге Грекиядан, Швейцариядан, Үндістаннан, Польшадан, Грузиядан және Қазақстаннан ең мықты шахматшылар қатысты.

София Гветадзе, Грузия шахмат федерациясының бас хатшысы:

- Жалпы алғанда, сайыс өте қызықты өтті. Кімнің жеңіске жететіні соңғы сәттерге дейін белгісіз болды. Меніңше, Бибісара өте керемет ойын үлгісін көрсетті. Ол өте жас, өмірі әлі алда. Бұл жолы ол бірінші орын үшін бақ сынады. Бірнеше сәтті партия жасады. Оның болашағы жарқын.

Шахматтан әйелдер арасындағы Гран-при – әлемдегі ең беделді сайыстардың бірі және оған қатысу оңай емес. Ол үшін шахматшының рейтингі жоғары әрі жетістіктері көп болуы тиіс. Тбилисиде Бибісара бірден көзге түсті, жеті турдан соң турнир кестесінде алдыңғы орынға шықты. Алайда ақтық сайыста польшалық Алина Кашлинскаядан жеңіліп қалды. Ал үшінші орын Грекиялық шахматшыға бұйырды.

Бибісара  Асаубаева, әйелдер арасындағы блицтен екі мәрте әлем чемпионы:

- Сайыс өте тартысты болды. Қарсыластарым да мықты. Жоғары деңгейде ойнайтын шахматшылар. Жалпы жаман ойнамаған сияқтымын. Әрине, бірінші орыннан үмітім болды. Келесі жолы бұдан да жақсы нәтижеге жетем деген үміттемін.  

Енді Бибісара мен қарсыластары 29 қазан мен 9 қараша аралығында Шымкентте өтетін әйелдер Гран-приінің екінші кезеңіне дайындықты бастайды.