Өскемендегі спорт ардагерлері жаттығатын жер таппай жүр

Өскемендегі спорт саласының ардагерлері жаттығу жасайтын жер таппай жүр. Зейнеткерлер шағын ғимараттың фойесін теннис пен бильярд ойнауға лайықтап, өз күшімен жабдықтап алады, деп хабарлайды 24KZ.

Алайда ол жерді жалға алу туралы шарт жасамаған. Арада тек ауызша келісім болған. Енді мемлекеттік аудиторлар мұны заңсыз деп танып, зейнеткерлерден фойені босатуды талап етіп отыр.

Спорт саласының ардагерлері осы ғимараттың фойесіне бильярд, теннис ойнауға келетін. Енді аға буын үшін бұл жер жабық. Мекеме басшылығы арада келісімшарт жоқтығын алға тартып, зейнеткерлер өз күшімен құрастырған спорт құралдарын бұзып тастапты. Енді олар жаттығу өткізетін орын жоқтығына наразы.

Серік Түгелбаев, спорт саласының ардагері:

- Осыдан 4 жыл бұрын облыс әкімінің ауызша нұсқауымен бізге берілген еді. Содан бері ешқандай шу жоқ. Айқай жоқ, жарыстарымызды өткізіп, дайындалдық. Бізді қуып шығу үшін «келісімшарт жасаңдар», – деді. Біз анау соманы қараған кезде төбе шашымыз тік тұрды. Анадай соманы ардагерлер ешқашан төлей алмайды.

Владимир Гребенщиков биыл 89 жаста. Қарттығына қарамастан әлі күнге салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Қажетті спорт құралдарын сатып алуға өзгелер секілді зейнетақы жинағынан ақша берген екен.

Владимир Гребенщиков, спорт саласының ардагері:

- Спортпен шұғылданғанымыздың арқасында әлі күнге өзімізді жас әрі қайратты сезінеміз. Бұл жерде жаттығу жасап, түрлі жарысқа қатыстық. Жүлделі орындар алдық. Енді не істерімізді білмей отырмыз.

Саналы ғұмырын спорт саласына арнаған азаматтардың мәселесі жергілікті ардагерлер кеңесінде қаралған. Ұйым төрағасы Айтқазы Шерубаев қазір басқа жаттығу залы қарастырылып жатқанын жеткізіп, қарттарды бір қуантып тастады.

Айтқазы Шерубаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Қазір әр жерден орын іздеп жүрміз. Ол таяуда табылады деп ойлаймын. Сонда өзінен өзі шешілетін нәрсе ғой. Сол енді уақытша шыдап, ештеңесін, дүниелерін лақтырмай, ақсақалдарға түсіндіріп айтса, мынадай сөз болмас еді.

Ал спорт басқармасындағылар бұл жерде ешқандай мәселе жоқтығын алға тартады. Серік Құсымбаевтың айтуынша, мемлекеттік спорт мекемелерінде бос алаңдар бар. Соның бірінен зейнеткерлерге жаттығу жасайтын орын табылады.

Серік Құсымбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің тарапымыздан білім және мәдениет басқармаларына, қала әкімдігіне қызметтік хат жолданды. Қазір соған жауап күтіп отырмыз.

Қазір облыста белсенді ұзақ өмір сүру орталығын құру жұмыстары кезең-кезеңмен жалғасып жатыр. Елді мекендерде көпбейінді демалыс кешендері ашылып жатыр. Бүгінде зейнет жастағы тұрғындар үшін 274 спорт үйірмесі өз қызметін ұсынады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.