Париждегі Паралимпиадада 44 отандасымыз өнер көрсетеді

Қазақстан құрамасы Париждегі Паралимпиадада 9 спорт түрі бойынша жүлде қорын сарапқа салады, деп хабарлайды 24KZ.

Команда мүшелерінде 33 жолдама бар. Жолдаманың ең көбі дзюдошылардың еншісінде. 10 отандасымыз татамиге шығады. Сондай-ақ алғаш рет үстел теннисінде Қазақстан өкілі бағын сынайды. Ел намысын Әли Мақұлбеков қорғайды. Парижде барлығы 44 спортшы сайысқа түседі. Бұлардың қатарында бұған дейінгі Паралимпиадалар жеңімпаздары мен жүлдегерлері Зүлфия Габидуллина, Раушан Қойшыбаева, Нұрдаулет Жұмағали мен Давид Дегтярёв бар. Ел құрамасы Паралимпия ойындарына осымен 8-ші мәрте қатысады.

Қайратбек Сейітбеков, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы басқармасының басшысы:

- Бүгінде 8 спорт түрінен жасақталған командалардың мүшелері Парижге келді. Олар жаттығуға кірісіп кетті. Мәселен, қазір отырып ойнайтын волейболдан жолдастық кездесулер өтіп жатыр. Әрине, бұған дейін Паралимпиадаға қатысқан спортшыларымыздың тәжірибесі команда үшін өте маңызды. Осының арқасында отандастарымыз лайықты өнер көрсетеді деген ойдамын.