Эксклюзив сұхбат. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық
Бірер күннен кейін Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады, деп хабарлайды 24KZ.
Көпшілік әсіресе көкпар бойынша жарысты тағатсыздана күтіп отыр. Қазір бұл спортпен тұрақты айналысатын елдердің саны кәдімгідей артты. Сәйкесінше бәсекелестік те жоғарылап келеді. Осы тұрғыда біздің арнаға Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Мұқатаев эксклюзив сұхбат беріп, ұлттық спортымызды дамыту жүйесі және саладағы көкейкесті мәселелер жайында айтты.
Бірер жыл бұрын көкпар спортын елімізде ғана емес, бүкіл әлемде кеңінен насихаттауға және жүйелі дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Өкінішке қарай, бертін келе әртүрлі себептермен аталмыш бастама тұралап қалды. «Енді қазір елордадағы Көшпенділер ойындары аясында осы істі қайта жаңғыртуға және жалғастырып әкетуге жақсы мүмкіндік бар», – дейді Әлібек Қанатлы.
О баста Астанадағы әлемдік аламан бағдарламасында тек қазақтың көкпар спорты болған. Бірер күн бұрын оған параллель қырғыздың көкбөрісі де өтеді деген шешім қабылданды. Жүлделер қос бағыт бойынша сарапқа салынады.
Ел намысын қорғайтын көкпаршылар қазір елордаға жетіп, жарыс алдындағы жаттығуын пысықтап жатыр. Қалған қатысушылар алдағы күндері келеді. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өзі 8 қыркүйекте басталады.
Авторлары: Аслан Қаженов.