Шымкентте стенд атудан Қазақстан чемпионаты басталды

Холанд пен Эдегор Қазақстанға келеді. 

Бірер күннен кейін футболдан УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезең кездесулері басталады. Оның аясында ұлттық құрамамыз ең алғашқы матчтын Алматы қаласында өткізеді және ә дегеннен Норвегия жігіттерімен жолығады. Осы тұрғыда қарсылас команданың бас бапкері Столе Сольбаккен жасыл алаңға шығатын футболшылардың тізімін жариялады. Ол жерде «Манчестер сити» сапындағы  Эрлинг Холанд, «Арсенал» сапындағы Мартин Эдегор, «Вулвер-хэмптонда» доп тебетін Йорген Ларсен және «Фулхэмде» өнер көрсететін Сандер Берге сияқты ойыншылар бар. Норвегия құрамасының қақпасын «Севиля»  қатарындағы Эрьян Нюланд пен «Атлетико Мадрид» қатарындағы Йеспер Даланд қорғамақ. Бас бапкер дәл осылай 22 ойыншының есімін атады. Бірер күн бұрын дәл осылай ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов та жаттығу жиынына шақырту алған 30-ға жуық жігіттің тізімін шығарған. Біз оны «24KZ» арнасының эфирінде айттық. Ал енді көпшілік тағатсыздана күтіп отырған Қазқастан мен Норвегия арасындағы матчтың өзі 6 қыркүйек күні Алматыдағы орталық стадионда болады. Жергілікті уақытпен 19:00-де басталады.

 Д. Елеусінов WBC титулына таласады 

Қазақстандық спорт сайттары осындай ақпаратты таратып жатыр. Бәрімізге белгілі, Данияр алдағы айда, нақтырақ айтқанда, 28 қыркүйек күні шаршы алаңға шығады. Ол Алматы қаласындағы бокс кешіне қатыспақ. Тағы бір айта кетерлігі, жерлесіміз ұзақ үзілістен кейін кәсіпқой боксқа оралып отыр. Яғни соңғы рет былтыр желтоқсан айында Астанадағы «Чемпиондар түні» турнирінде сынға түсіп, оңтүстікафрикалық спортшыны жеңген. Алайда бұл нәтиже оның жеке есебіне жазылған жоқ. Өйткені жоғарыдағы жарыс жартылай кәсіпқой форматта өтті. Ал енді Алматыда толық кәсіпқой форматтағы айқасқа қатысып, филиппиндік Джо Нойнаймен өзара мықтыны анықтамақ. Қарсыласы бүгінге дейін 29 кездесу өткізіп, оның 23-інде жеңіске жетті. Ал Даниярдың көрсеткіші: 11 жекпе-жек, 11 жеңіс. Ерекшелігі сол, жеңіске жеткен тарапқа WBC ұйымының, яғни Бүкіләлемдік бокс кеңесінің титулы табысталады.

 

Н. Серікбаев жаңа салмаққа ауысты

Нұрқанат жаңа салмаққа ауысты. Париж Олимпиасының алдында негізгі үміттеріміздің бірі болған Нұрқанат Серікбаев бұдан былай 66 келіде өнер көрсетеді. Бұл жөнінде бірінші бол сайты жариялады. Айта кету керек, Нұрқанат бұған дейін Елдос Сметов өнер көрсететін 60 келіде шығып жүрді және екеуі өзара бәсекелес болған. Тіпті Олимпиада алында әлемдік рейтингте Нұрқанат Серікбаев Елдос Сметовтен әлдеқайда жоғары тұрған. Бірақ ішкі іріктеу кезінде Елдосқа есе жіберіп, Франциядағы жазғы ойындарға бара алмады. Десе де Нұрқанат бірер аптадан кейін Хорватияда өтетін әлемдік гран-приге қатысады және, жоғарыда айтқандай, жаңа салмақта бақ сынайды. Аталмыш жарыста Нұрқанаттан бөлек, Шерзод Давлатов, Жанарыс Рахметқали, Асқар Нарқұлов, Руслан Мұсаев, Ермахан Әнуарбеков, Айбол Нысанәлі және Қыдырет Досымов сияқты жігіттер де ел намысын қорғайды.

 

Р. Айтмұқан әлем чемпионатына қатысады

Еркін күрестен тарихи нәтиже тіркеген ұлттық құраманың үздігі Ризабек Айтмұқан бірнеше айлық үзілістен кейін қайтадан бозкілемге оралады. Ол қыркүйектің басында Испанияның Понтеведра қаласында өтетін 20 жасқа дейінгілер арасындағы дүниежүзілік додада бақ сынамақ. Ризабек былтыр да дәл осы жарыста өнер көрсетті және күміс жүлдегер атанды. Ол кезде отандасымыз 92 келіде бақ сынаған еді. Енді 97 келіде өнер көрсетеді және осы салмақта жарыстың басты фавориттерінің бірі саналады. Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан Олимпиада алдында ғана жаңа салмаққа ауысты. Бірақ Париждегі жазғы ойындарға қатыса алмады. Басты қарсыласы Әлішер Ерғалимен Қазастан чемпионатының финалында кездесіп, 10:14 есебімен жеңілген. Одан кейін қос мықты Венгриядағы халықаралық турнирде де өнер көрсетті. Мұнда да Әлішер бірінші, ал Ризабек үшінші орынға тұрақтады. Сәйкесінше Әлішер Ерғали Париж Олимпиадасында бақ сынады. Бірақ, өкінішке қарай, жүлдегерлер қатарына іліге алмады.

 

Стенд атудан Қазақстан чемпионаты

Ел үздіктері Шымкентке жиналды. Оңтүістік өңірде стенд атудан жасөспірімдер және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Ішкі біріншілікке нысана көздеудің дәл осы бағыты жақсы дамыған 9 аймақтың спортшылары жиналды. Бас-аяғы 120-дан аса қатысушы бір апта бойы өзара мықтыны анықтайды. Сынға түсетін спортшылар арасында Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко, Мария Дмитриенко сияқты спортшылар бар. Айта кету керек, дәл осы жерде алдағы айда Алматыда өтетін Азия Кубогына ұлттық құрама іріктеледі. «Сондықтан бәсекелестік өте жоғары болады», – дейді мамандар. Шымкент қаласындағы Қазақстан чемпионатында стенд атудың 8 бағыты бойынша медаль жиынтығы сарапқа салынады және жарыстың жалпы қорытындысы 1 қыркүйекте белгілі болады.