Е.Маржықпаев: Аймақтардағы спорттық жетістіктер жыл сайын төмендеп барады

Облыстарда жұмыс ақсап тұр. Астанада Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған ауқымды жиын өтті, деп хабарлайды 24kz.

Алқа отырысына Президент Әкімшілігінің өкілдерінен бастап спортқа жауапты федерациялар мен облыстық спорт басқармалары басшылары түгелдей қатысты. Жиналыс барысында министр Ермек Маржықпаев аймақтардағы жұмыстың өте салғырт жүргізіліп жатқанын алға тартты. Әсіресе, ұлттық құрамаға резервті ең алдымен сол өңірлер беруі қажет. Яғни, талантты балаларды іздеп тауып, дайындығына қажетті жағдай жасап, ең мықты дегендерін іріктеп, ел намысын қорғауға жол ашу маңызды. Өкініштісі сол, бұған бас қатырып жатқандар шамалы. Тіпті кей аймақтарда басқармаға спортқа мүлде қатысы жоқ адамдар жетекшілік етеді. Бұған қоса, жергілікті әкімдіктер өздеріне ыңғайлы бағыттарға ғана, әсіресе, олимпиадалық емес бағыттарға ғана ақшаны аямай бөліп, медальді үйіп-төгіп әкеледі. Сол арқылы есеп беріледі. Сол арқылы спорттық атақтар таратылады. Ал, Олимпиада сияқты нағыз сын сағаты келгенде ештеңесіз отырады. Тіпті Париждегі жазғы ойындарға бірде-бір лицензия алмаған өңірлер бар. «Аймақтардағы спорттық жетістіктердің жалпы динамикасы жыл өткен сайын төмендеп барады», - деді министр.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Облыстық спорт басқармаларының басшыларына қатысты сын көп. Өйткені мемлекет тарапныан қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ ол тиімді пайдаланылып жатқан жоқ. Бұған қоса, жемқорлық факторлары жиі кездеседі. Оны да айта кету керек. Өкініштісі сол, аталмыш спорт басқармалары министрлікке бағынбайды. Яғни, оның басшыларын әкім тағайындайды және сол әкімдік айтқанымен ғана жүреді. Салдарынан бүкіл қазақ спорты зардап шегіп жатыр.

Алдағы уақытта осы басқарма басшыларына қойылатын талаптар күшейтіледі және Париждегі Олимпиада қорытындысы бойынша біраз шенді азамат қызметінен кетуі мүмкін. Өйткені аймақтардағы жұмыс жүйесі реттелмесе және ұлттық құрамаға тұрақты резерв берілмесе, алдағы әлемдік аламандард да төмен нәтиже тіркелуі мүмкін. «Сондықтан оның алдын алуымыз керек», - дейді мамандар.