Елімізде Е-sport цифрлық платформасы енгізіледі

Е-sport цифрлық платформасы енгізіледі. Бұл жөнінде де Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған жиында айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Негізі бұл жоба 2020 жылы қолға алынған. Бірақ әртүрлі себептермен жұмысы тұралап қалды. Бұл бағдарлама іске қосылса, спорт саласындағы жұмыстар, оның ішінде ақшаның айналымы ашық көрінеді.

«Аталған платформада біріккен спорттық классификация, спорттық күнтізбе, спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің біріккен электрондық базасы сынды спортқа қатысты басты құжаттар сақталады», - делінген ресми хабарламада. Сәйкесінше, осы жобаны жетелдетіп іске қосу мәселесі көтерілді. Өйткені жоғары жетістіктер спортының өзіне жыл сайын мемлекеттен 10 миллиард, ал арнайы қордан 3 миллиард қаржы бөлінеді. Бұған қоса, облыстық спорт басқармаларына жүздеген миллиард теңге қарастырылады.

«Енді осының есебі ашық және жариялы болу үшін жоғарыдағы платформаны максималды қысқа уақытта қолданысқа енгізу керек», - дейді мамандар.