Астанада Париж Олимпиадасынан кейінгі кеңейтілген қорытынды жиын өтті
Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлері қысқартылады, деп хабарлайды 24kz.
Ал, легионерлер мәселесі заңмен бекітіледі. Астанада Париж Олимпиадасынан кейінгі кеңейтілген қорытынды жиын өтті. Оның барысында отандық спорттағы олқылықтар сөз болды. Әсіресе, тақауда ғана Президент басымдық берген бағыттарға және нақты тапсырмаларға ерекше екпін жасалды.
Е.Маржықпаев: Облыстарда жұмыс ақсап тұр
Облыстарда жұмыс ақсап тұр. Астанада Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған ауқымды жиын өтті. Алқа отырысына Президент Әкімшілігінің өкілдерінен бастап спортқа жауапты федерациялар мен облыстық спорт басқармалары басшылары түгелдей қатысты. Жиналыс барысында министр Ермек Маржықпаев аймақтардағы жұмыстың өте салғырт жүргізіліп жатқанын алға тартты. Әсіресе, ұлттық құрамаға резервті ең алдымен сол өңірлер беруі қажет. Яғни, талантты балаларды іздеп тауып, дайындығына қажетті жағдай жасап, ең мықты дегендерін іріктеп, ел намысын қорғауға жол ашу маңызды. Өкініштісі сол, бұған бас қатырып жатқандар шамалы. Тіпті кей аймақтарда басқармаға спортқа мүлде қатысы жоқ адамдар жетекшілік етеді. Бұған қоса, жергілікті әкімдіктер өздеріне ыңғайлы бағыттарға ғана, әсіресе, олимпиадалық емес бағыттарға ғана ақшаны аямай бөліп, медальді үйіп-төгіп әкеледі. Сол арқылы есеп беріледі. Сол арқылы спорттық атақтар таратылады. Ал, Олимпиада сияқты нағыз сын сағаты келгенде ештеңесіз отырады. Тіпті Париждегі жазғы ойындарға бірде-бір лицензия алмаған өңірлер бар. «Аймақтардағы спорттық жетістіктердің жалпы динамикасы жыл өткен сайын төмендеп барады», - деді министр.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Облыстық спорт басқармаларының басшыларына қатысты сын көп. Өйткені мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ ол тиімді пайдаланылып жатқан жоқ. Бұған қоса, жемқорлық факторлары жиі кездеседі. Оны да айта кету керек. Өкініштісі сол, аталмыш спорт басқармалары министрлікке бағынбайды. Яғни, оның басшыларын әкім тағайындайды және сол әкімдік айтқанымен ғана жүреді. Салдарынан бүкіл қазақ спорты зардап шегіп жатыр.
Алдағы уақытта осы басқарма басшыларына қойылатын талаптар күшейтіледі және Париждегі Олимпиада қорытындысы бойынша біраз шенді азамат қызметінен кетуі мүмкін. Өйткені аймақтардағы жұмыс жүйесі реттелмесе және ұлттық құрамаға тұрақты резерв берілмесе, алдағы әлемдік аламандард да төмен нәтиже тіркелуі мүмкін. «Сондықтан оның алдын алуымыз керек», - дейді мамандар.
Мемлекет қаржыландыратын спорт түрлері қысқарады
182 спорт түрінің 60-ы ғана қалады. Яғни, мемлекет қаржыландыратын спорттық бағыттар 3 есе қысқарады. Бұл мәселе де Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында айтылды. Яғни, ресми тіркелген спорттық бағыттар ел қазынасына салмақ салмауы қажет. «Демеушілердің көмегімен не өз күштерімен дамытамыз десе, ешқандай проблема жоқ», - дейді мамандар. Өкініштісі сол, 182 спорттың барлығына бюджеттен жыл сайын миллиардттаған қаржы бөлінеді. Айтпақшы, сол 182 спорттың 70%-і олимпиадалық емес бағыттар. Соларға ақшаның басым бөлігі жұмсалып отыр. Сәйкесінше, біраз жүлде әкеледі. Біраз атақтар таратылады. Бірақ Олимпиада сияқты айтулы аламан кезінде бұның барлығы бекер екенін байқаймыз. Қысқасы, 2027 жылға дейін мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін 60-қа дейін қысқарту көзделіп отыр. Бұл мәселе арнайы заң жобасында да қарастырылған және жыл соңына дейін қабылдануы қажет.
Шетелдік спортшылар мәселесі заңмен бекітіледі
Легионерлер мәселесі де заңмен бекітіледі. Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған жиында Қазақстан азаматтығын алған шетелдік атлеттердің проблемалары айтылды. Әсіресе, Франциядағы жазғы ойындарда ұлттық құрама сапында осындай 11 спортшы болды. Бірақ өкінішке орай, бірде-бірі жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Яғни, үмітті ақтамады. Алқа отырысы барысында осы нәтижеге жауапты федерация басшыларына жеке-жеке тұрғызып, көпшілік көкейіндегі сұрақтар қойылды және алдағы уақытта бұл жағдайдың жіті назарда болатыны ескертілді.
Е-sport цифрлық платформасы енгізіледі
Е-sport цифрлық платформасы енгізіледі. Бұл жөнінде де Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған жиында айтылды. Негізі бұл жоба 2020 жылы қолға алынған. Бірақ әртүрлі себептермен жұмысы тұралап қалды. Бұл бағдарлама іске қосылса, спорт саласындағы жұмыстар, оның ішінде, ақшаның айналымы ашық көрінеді. «Аталған платформада біріккен спорттық классификация, спорттық күнтізбе, спортшылардың, жаттықтырушылардың мен төрешілердің біріккен электрондық базасы сынды спортқа қатысты басты құжаттар сақталады», - делінген ресми хабарламада. Сәйкесінше, осы жобаны жетелдетіп іске қосу мәселесі көтерілді. Өйткені жоғары жетістікер спортының өзіне жыл сайын мемлекеттен 10 миллиард, ал, арнайы қордан 3 миллиард қаржы бөлінеді. Бұған қоса, облыстық спорт басқармаларына жүздеген миллиард теңге қарастырылады.
«Енді осының есебі ашық және жариялы болу үшін жоғарыдағы платорманы максималды қысқа уақытта қолданысқа енгізу керек», - дейді мамандар.