Парижде жазғы паралимпиада ойындары ресми түрде ашылды
Парижде жазғы паралимпиада ойындары ресми түрде ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Алғаш рет ол стадионнан тыс жерде, Елисей алаңы мен Келісім сарайында ұйымдастырылды. Шараға 168 елдің делегациясынан бас-аяғы 4400-ге жуық спортшы, 50 мыңнан астам көрермен қатысты. Паралимпиада жалауын 2008 жылы Бейжіңдегі ойында 100 метрге жүгіруде қола медаль жеңіп алған британдық Джон Макфолл көтерді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 15 мыңға жуық құқық қорғау қызметкері жұмылдырылған. Ал ашылу салтанаты әртістердің қатысуымен әуезді әнмен жалғасты.
Мик эванс, көрермен:
- Паралимпиаданы тамашалау үшін Австралиядан арнайы келдік. Біздің елде де ресми ашылулар жақсы ұйымдастырылады. Бірақ Париждегі бұл шараның деңгейін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бәрі тамаша!
Клэр Стюарт, Париж қаласының тұрғыны:
- Паралимпиадаға баса назар аударатын әдемі шара болды. Мұндағы атмосфера өте керемет. Концерттік қойылым да жоғары деңгейде. Келушілердің барлығы риза.
Айта кетейік, дүбірлі додада қатысушылар 22 спорт түрінен сынға түседі. Ал босқындар құрамасы паралимпиада тарихында биыл алғаш рет бақ сынайды. Олар 6 түрлі спорт бойынша сайысады. Ауқымды шара 8 қыркүйекке дейін жалғасады.