Көшпенділер ойындары: 24KZ түсірілім тобы дайындық жұмыстарымен танысып қайтты

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Ашылу мен жабылу салтанаты «Астана Арена» стадионында өткізілсе, доданың негізгі бөлігі елорда аумағындағы бөлек спорттық кешендерде ұйымдастырылады. Арнамыздың түсірілім тобы қала шетіндегі «Қазанат» ипподромына барып, дайындық жұмыстарымен танысып қайтты.

«Қазанат» ипподромында көшпенділер ойындарының тек үш түрі өтеді. Олар: қазақтың көкпары, қырғыздың көкбөрі спорты және әлбетте, ат жарыс. Кешен ішіндегі трибуна сыйымдылығы 2,5 мыңнан 10 мың орындыққа дейін артты.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Халықаралық стандарттарға сай жарыс жолындағы құмның үстіне мынадай мамық тәріздес талшық себілген. Бұл бірінші кезекте шаңды басады және аттың тұяғын құмға кіргізбейді. Ал қазір бұл трактор жарыс жолының бетін тегістеу жұмыстарымен айналысуда.

Дүбірлі доданың жалпы операциялық бюджеті 5 млрд 700 млн теңгеге тең. Ол қаражаттың бір бөлігін демеушілер мен қаржылық серіктестер аударады. Ойындарға қатысатын барлық делегацияның жолақысын, жатын орны мен тамағын Қазақстан тарапы өз мойнына алады. Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев осылай дейді.

Мұратбек Қыпшақбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:

- Қырғыз бен қазақ көкпар ойынын күтіп отыр ғой барлығы. Сондықтан қызықты дүние өтеді деп ойлаймын. Көкбөрі спорты қырғыз елінің спорты болғаннан кейін олар да бізге хабарласып, алдын ала осы жерге келіп, осы жерде өтетін алаңшаны сезініп, сондай оқу-жаттығу жиынын өткізсек деп жатыр.

Қырғызстандық спортшылар «Қазанат» ипподромында ойын алдындағы жаттығуларын өткізу үшін 4 қыркүйекте келеді. Қазір ат қораларды салу және керек-жарақпен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл қорадағы барлық ат Қазақстан құрамасына тиесілі. Барлық жылқы көкпар ойындарына сақадай сай. Сондай-ақ айыр қалпақты ағайын да біздің елімізге өз жылқыларымен келеді екен. Ал қалған командаларды Қазақстан тарапы Жамбыл және Түркістан облыстарынан жеткізілетін 300 жылқымен қамтамасыз етеді.

Елордадағы қонақүйлер де шетелдік меймандарды қабылдауға әзір. Мәселен бесжұлдызды саналатын бұл отельде 250-ге жуық бөлме бар. Ішкі әкімшілігі жартысынан көбін жалға бермей, спортшылар үшін сақтап отыр. Мейрамхана қызметкерлері де қонақтарды асыға күтуде. Ас мәзіріндегі тағамы да сан түрлі.

Владислав Бурак, қонақүй мейрамханасының бас аспазы:

- Қонақтар әртүрлі құрлықтан келетіндіктен, ас мәзірінің 5 түрін ұсынамыз. Бірінші кезекте, әрине, қазақтың ұлттық тағамы. Тағы еуропалық, азиялық, шығыс және Жерорта теңізінің тағамдары да болады. Ас мәзіріндегі барлық ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылады.

Көшпенділер ойындарына шетелден келетін қадірлі қонақтарды 15-тен астам қонақүй қабылдайды. Оларды спорттық кешендерге тасымалдау үшін күн сайын 100-ге жуық шаттл-бас қатынайды. Делегация өкілдеріне тәулігіне үш мәрте тамақ беріледі. Тағы әрқайсысына ұлттық нақышқа толы сыйлық қоржындары ұсынылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы