Астанада ат спорты секциясы ашылды

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында іске қосылған үйірмеде жастарды теңге ілу, аударыспақ және көкпар ойындарына баулиды, деп хабарлайды 24KZ.

Сонымен қатар садақ ату, арқан тарту, жамбы ату және қазақ күресінің айла-тәсілдері де үйретіледі. Ұлттық спорт секциясына студенттер тегін қатысады. Үйірмеге жазылғандар кәнігі атбегілерден бәйгеге қатысатын сәйгүліктерден бөлек, Мұғалжар, Адай, Қостанай секілді жылқы тұқымдарының табиғи ерекшеліктерін де біліп шығады.    

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Астанада бұндай 5 ат спорт орталығы бар. Осымен 6-шысы ашылып жатыр. Ең маңыздысы, оқитын студенттер мен жастарға тегін. Одан бөлек, қала тұрғындары, қосымша ат спортына қатысамын деушілерге есік ашық. Кез келген уақытта келіп, ат мініп кете алады.  

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Президент: «Осы бағытты дамыту керек», – деп айтты ғой. Көшпенділер ойыны басталып жатыр. Бұның өзі бекер емес. Бүкіл әлем Қазақстанға қарап отыр, «не жасайды екен» деп. Ат спорты керек деп жатырмыз. Оған мемлекет жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Бірақ енді атқаруға келген кездегі нәтижесін көріп, шын мәнінде студенттер, қала тұрғындары келіп, ашық түрде ат спортының түрлерін үйреніп, айналысса несі жаман?! Сондықтан рухтанамыз, ұрпақты осылай тәрбиелейміз. Өте қуанышты жағдай болып жатыр.