Сенат төрағасы Паралимпиада құрамасының мүшелерімен кездесті

Параспортшылардың ерік-жігері мен қажыр-қайраты жас буын үшін қашан да үлгі болмақ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ұлттық Паралимпиада құрамасының мүшелері және жаттықтырушылармен кездесу барысында осылай деді.

Сенат спикері Францияға сапары барысында дүбірлі додада ел намысын қорғайтын Паралимпиадаға қатысушылармен арнайы жүздесіп, алдағы бәйгеде жеңіс тіледі. Сондай-ақ ол Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға баса мән беріліп отырғанын алға тартты. Бүгінде  ұлттық паралимпиадалық құрамаға мүше спортшылар қатары мыңға жуықтады. Ал елде параспортпен айналысатын азаматтардың жалпы саны 60 мыңға жетті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мен осында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен келдім. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат аясында параспортшыларды қолдау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Осы Паралимпиадаға біздің Қазақстанның командасы 33 жолдаманы жеңіп алды, 9 спорт бойынша. Тарихымызда бірінші рет осындай деңгейге жетіп, үлкен құрамда келіп отыр. Мұның бәрі – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмектің нышаны. Сондықтан осы Паралимпиадада Парижде Қазақстан туын жоғары көтеріп, жеңесіздер деген сенімдеміз.

  

Бочча спортының болашағы сөз болды

Сонымен қатар Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Азия Паралимпиада комитетінің президенті Мажид Рашидпен және Халықаралық бочча спорт федерациясының президенті Джон Морганмен екіжақты кездесулер өткізді. Онда паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ келер жылы Астанада өтетін боччадан халықаралық жарыстардың маңызы сөз болды. Өз кезегінде Джон Морган Қазақстан федерациясы атқарып отырған ауқымды жұмыстың тиімділігіне назар аударды. Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президенті Чунг Вон Чомен кездесті.