Көшпенділер ойындары: Бакуде 5 жылдан бері жабық тұрған қақпа ашылды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін Әзербайжанның 5 жылдан бері жабық тұрған кеден қақпасы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Астанада өтетін дүбірлі додаға Анкарадан керуен-автобуспен шыққан Бурак пен Идил Дуран және олардың 2 жасар ұлы Гүнештің өтуіне Қазақстан мен Түркияның жоғары лауазымдары қолғабыс жасап, арнайы рұқсат шығарған. Кеден қақпасы коронавирус пандемиясынан бері жабық тұрған. Дәл қазір жиһанкездер Бакуден Ақтау портына кемемен келе жатыр.

Айта кеткен жөн, Дурандар 12 тамыз күні Анкарадан шыққан. 1982 жылғы автобусты жиһанкездер жайлы етіп, қайта жасаған. Ішінде туристер үшін керектің бәрі бар. Көлікті «Көшпенді» деп атапты.

Жалпы Идил мен Бурак 9 айдан бері осы автобуспен Түркияны аралаған. Идил – психолог, ал Бурак – ағаш ұстасы.

Идил Дуран, жиһанкез:

-  Кемеге міндік. Каспий теңізі арқылы Әзербайжаннан Қазақстанға өтеміз. Жолға шамамен 12-13 сағат кетеді. Жалпы Қазақстан, Түркия мен Әзербайжан үкіметтері біздің Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жетуіміз үшін Түркі әлемінің бір екенін көрсетіп, 5 жылдан бері ешкімнің өтпеген қақпасынан өту үшін арнайы рұқсат алды. Бұл – мен үшін тарихи оқиға. Өйткені Түркияға жарты ғасыр бұрын көшкен қырғыз анам мен татар әкеден туған біздер үшін мұның қаншалықты маңызды екенін айтып жеткізе алмаймын. Жұбайым түркиялық. Атажұртымыз бізге қолдау көрсетті деп айтудың өзі – оған зор бақыт. Шамамен 3 мың шақырымдай жол қалды. Бірақ бүгінгі тарихи оқиғадан кейін әлемді шарлауға толығымен дайынмын.